Қазақстандықтарға балконға Мемлекеттік Туды ілуге ресми түрде рұқсат берілді

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: ЖИ көмегімен жасалған, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Үкімет Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранды пайдалану қағидаларына өзгерістер енгізді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Қаулыға сәйкес, енді жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік Туды ғимараттарға, тұрғын және тұрғын емес үй-жайларға, оның ішінде балкондарға 45 градус бұрышпен, сондай-ақ салтанатты іс-шаралар өтетін орындарға орналастыра алады.

Мемлекеттік Туды орналастыру кезінде қандай талаптар сақталуы керек

Қаулыға сәйкес, Мемлекеттік Туды орналастыру кезінде мынадай талаптарды сақтау қажет:

  • жеке тұрғын үйлерде Ту жерден кемінде үш метр биіктікте ілінуі тиіс;
  • түнгі уақытта Туды арнайы жарықтандыру міндетті емес;
  • егер ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшеліктеріне байланысты Туды орналастыру мүмкін болмаса, оны ғимаратқа іргелес аумақтағы жеке ту тұғырына (флагштокқа) орнатуға болады;
  • Ту жерге, еденге, суға немесе басқа да беттерге тимеуі тиіс;
  • Ту тігінен ілінген жағдайда ұлттық өрнек матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы қажет.

Мемлекеттік Туды қалай пайдалануға болмайды

Қаулыда Мемлекеттік Туды пайдалануға қатысты тыйым салынатын әрекеттер де нақты көрсетілген. Атап айтқанда, Туды:

  • мәдени, спорттық, қоғамдық және өзге де іс-шараларда коммерциялық мақсатта пайдалануға;
  • жыртылған, тозған, жамалған, тесілген, ластанған, өңі кеткен, қатты мыжылған немесе оның қадір-қасиеті мен рәміздік мәніне нұқсан келтіретін өзге де ақаулары бар күйде орналастыруға;
  • қасақана бүлдіруге, жоюға, өртеуге, жыртуға немесе жерге тастауға;
  • мақсатына сай емес пайдалануға немесе оның мемлекеттік рәміз ретіндегі мәнін төмендететін өзге де әрекеттерге жол беруге;
  • жарнама мақсатында, сондай-ақ киім, төсек-орын жабдығы, перде, дастарқан, төсеніш немесе өзге де тұрмыстық бұйым ретінде пайдалануға тыйым салынады.

Сонымен қатар қаулыда Мемлекеттік Тудың бейнесін спортшылардың спорттық киімі мен арнайы жабдықтарында пайдалануға рұқсат етілетіні жеке норма ретінде бекітілді.

Құжатқа сәйкес, Мемлекеттік Тудың, Елтаңбаның және Әнұран мәтінінің бейнесі орналастырылған кезде олардың реті сақталуы тиіс: алдымен Мемлекеттік Ту, кейін Мемлекеттік Елтаңба, одан соң Мемлекеттік Әнұран.

Сондай-ақ мемлекеттік рәміздер бейнеленген стендтерді, плакаттарды және өзге де көрнекі ақпараттық материалдарды ресімдеу кезінде көк түсті фон қолданылып, барлық жазу алтын түспен жазылуы қажет.

Мемлекеттік рәміздер мен Әнұран мәтіні орналастырылатын стендтер қойылатын бөлме немесе оның арнайы бөлінген бөлігі эстетикалық талаптарға сай безендірілуі және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, кіреберістен әрі киім ілетін орындардан алыс орналасуы тиіс.

Жаңа талаптар 13 шілдеден бастап күшіне енеді.

Айта кетейік, еліміздегі ең биік мемлекеттік ту тұғыры елордада орналасқан. Астананың қақ ортасында, Мемлекеттік рәміздер алаңында желбіреп тұрған көк тудың биіктігі – 111 метрді құрайды.

Сондай-ақ оқыңыз