Астанада жылу тарифі 16,9%-ға дейін қымбаттауы мүмкін

Елордада жылу тарифі қымбаттауы мүмкін. Жылу тарифіне қатысты өтінімдерді «Астана-Энергия» және «Астана-Теплотранзит» коммуналдық кәсіпорындары ұсынды.
«Астана-Энергия» компаниясының түсіндірме жазбасына сәйкес, биылғы 1 сәуір мен 31 желтоқсан аралығында жылу энергиясын өндіру тарифі 1 Гкал үшін 2941,54 теңге болып белгіленген. Алайда нақты шығындар жоспарланған деңгейден жоғары болған. Бұған:
- отын бағасының айтарлықтай қымбаттауы;
- бюджетке төленетін міндетті төлемдер мөлшерлемесінің өзгеруі;
- бекітілген сметада 3% деңгейінде көзделген инфляцияның нақты болжамдағы 9–11%-ға дейін өсуі себеп болған.
Осыған байланысты кәсіпорын тарифті 1 Гкал үшін 3439,42 теңгеге дейін көтеруді жоспарлап отыр. Бұл қазіргі мөлшерлемеден 16,9%-ға жоғары. Егер өтінім мақұлданса, жаңа тариф 16 шілдеден бастап күшіне енеді.
Ал «Астана-Теплотранзит» компаниясы жылу энергиясын тасымалдау, тарату және жабдықтау қызметінің тарифін көтеруді ұсынып отыр. Қазір бұл қызметтің тарифі 1 Гкал үшін 5665,47 теңге(қосылған құн салығынсыз).
Компанияның құжатында көрсетілгендей, 16 шілде мен 31 желтоқсан аралығына ұсынылған шекті орташа тариф ҚҚС-сыз 1 Гкал үшін 6381,08 теңге болуы мүмкін. Бұл қолданыстағы тарифтен 715,61 теңгеге немесе 12,63 пайызға жоғары. Мұндай өзгеріс стратегиялық маңызы бар тауарлардың қымбаттауына және салық төлемдерінің өсуіне байланысты ұсынылған.
Айта кетейік, Қазақстандағы ең ірі үш қала – Астана, Алматы және Шымкент тұрғындары суды аз тұтынатын болған. Өйткені кейінгі екі жылда мегаполистерде тариф айтарлықтай көтерілген.