АҚШ сенаторы Тоқаевқа Трамптың сәлемін жеткізді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Конгресінің сенаторы Стив Дэйнспен кездесті. Ақорданың баспасөз қызметі хабарлауынша, келіссөздерде тараптар стратегиялық серіктестікті дамытуды, қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуын және АҚШ-та өтетін алдағы G20 саммитін талқылады.
Кездесуді аша отырып, мемлекет басшысы америкалық сенаторды АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтап, екі ел арасындағы қарым-қатынастардың нығая түскенін атап өтті. Президент ендігі жерде өткен жылдың қараша айында АҚШ-қа жасаған сапары кезінде қол қойылған келісімдердің сапалы орындалуын қамтамасыз ету маңызды екенін баса айтты.
Оның айтуынша, жыл соңында Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысу үшін АҚШ-қа жоспарланған алдағы сапар да екіжақты қарым-қатынастарға қосымша серпін бере алады. Тоқаев сондай-ақ Стив Дэйнске кеңейтілген стратегиялық серіктестікті дамытуға қосқан үлесі және Джексон-Вэник түзетуін жою жөніндегі бастаманы қолдағаны үшін алғыс білдірді.
Жауап ретінде сенатор президентке америкалық көшбасшы Дональд Трамптың қазақстан-америка қарым-қатынастарын нығайту бағытындағы жүйелі жұмысы үшін ыстық сәлемі мен ризашылық сөздерін жеткізді.
Өз кезегінде Дэйнс Тоқаевты ауқымды саяси реформалардың жүзеге асырылуымен құттықтап, Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануын ерекше атап өтті.
Сенатордың пікірінше, оның принциптері елді одан әрі жаңғырту үшін берік негіз қалайды. Сонымен қатар, сұхбаттасушылар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.