Матаев төбелестен бұрын жас жігітке «Ninety One-сың ба?» деп айтқан

Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында «ҚазТАГ» ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаевқа қатысты бұзақылық әрекеті бойынша тағы бір куәдан жауап алынды. 8 шілдедегі сотқа сол күні көлік ішінде болған Диана Макашева келіп, тараптардың сұрағына жауап берді.
Куәнің айтуынша, төбелес болған түні құрбысымен бірге кинотеатрдан шығып, Арлан Айымбетовтің (куә – ред.) көлігіне қарай бет алған. Сол кезде Матаев оның досы Айымбетовті балағаттап, таксиге отырып кетіп қалған. Осыдан кейін Айымбетов оларды қуып жетпек болады. Артынша екі көлік бағдаршамда кездесіп, Матаев пен досы таксиден шыққан.
Макашеваның айтуынша, жастар көлікте отырған кезде екі ер адам көлікке жақындаған. Бірі көліктің есігін тартқылаған, екіншісі терезесін ұрғылаған.
Куә ерегіс кезінде Әсет Матаевтың Арлан Айымбетовтен «Ninety One-сың ба?» деп сұрағанын айтты. Сөзінше, ерегіске жас жігіттің сыртқы келбеті себеп болған.
Жастар көліктен шыққаннан кейін жанжал төбелеске ұласқан.
«Арланды теуіп, ол құлаған кезде көліктен шықтым. Оны кім тепкенін көрмедім, тек жерде жатқанын көрдім», – деді Макашева.
Куәнің сөзінше, сол уақытта оқиға орнына көп адам жиналған. Өтіп бара жатқан адамдар тоқтап, болған оқиғаны телефонға түсіріп, полиция шақырмақ болған.
Макашеваның айтуынша, Айымбетов өзіне соққы тигеннен кейін ғана қолына құрылғы (балонный ключ – ред.) алған. Артынша Айымбетов шегініп бара жатып, қолындағы темір затпен қорғануға тырысқан. Жанжал барысында қолындағы құрылғы абайсызда Матаевқа тиіп кеткен. «Мен ешкімді ұрғым келген жоқ, тек өзімді қорғадым», деген Айымбетов Макашеваға.
Диана Макашева оқиғаға қатысы бар екінші ер адамның да әрекетіне тоқталды. Сөзінше, ол Арланды балағаттап, былапыт сөз айтып, арандатқан. Макашева төбелес өршіп кетпеуі үшін құрбысымен бірге оны ұстап тұруға тырысқан.
«Оны итеріп, иығынан, бетінен ұрдым. Ол бізді балағаттап жатты», – деді Макашева.
Куәнің айтуынша, екінші сотталушыны ұстап тұрған кезде одан алкогольдің иісі шығып тұрған.
Бұған дейін сотта Серік Ясин, Ислам Амираджанов пен Арлан Айымбетовтен куә ретінде жауап алынды.
Қылмыстық іс
Әсет Матаевқа тағылған екінші айып оның «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігі» ЖШС құрылтайшысы әрі бас директоры қызметіне байланысты болып отыр. Оның тікелей лауазымдық міндетіне компанияға жалпы басшылық жасау, стратегиясын айқындау, сондай-ақ компанияның операциялық қызметін бақылау кірген.
Айыптау актісіне сәйкес, 2025 жылдың 3 сәуірі мен 13 маусымы аралығында Матаев өз міндеттеріне салғырт қарап, ақпарат агенттігінің бас редактор Әмір Қасеновтің қызметіне тиісті бақылау жүргізбеген. Соның салдарынан «ҚазТАГ» сайтында «Фридом Финанс» АҚ-ның қызметіне қатысты көрінеу жалған ақпарат қамтылған бірқатар материал жарияланған.
Айта кетейік, «ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» арасындағы сот процесі 15 маусымда басталды. «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов пен Астана тұрғыны Жанна Қапароваға көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған. «ҚазТАГ» пен «Фридом Финанс» арасындағы даудың қалай басталғанын мына жерден оқи аласыздар.