«Менің кім екенімді білмейсіңдер»: Матаев полицияда өзін қалай ұстаған

Алматы сотында «ҚазТАГ» бас директоры Әсет Матаевқа қатысты бұзақылық ісі бойынша куә Диана Макашева жауап алынды. Бойжеткен сотталушы Матаевтың полицияда өзін қалай ұстағанын айтып берді.
Сөзінше, Матаев полиция бөлімінде дау шығарып, «Бұған құқықтарың жоқ. Менің кім екенімді білмейсіңдер» деп айтқан.
«Полиция қызметкерлері сізді сабырға шақырып жатты. Сіз басыңызды ұстап тұрып: «Мені ұстамаңдар, сендердің бұған құқықтарың жоқ», деп айттыңыз», – деді Макашева сотта.
Бұған дейін Диана Макашева жанжалдың неден шыққанын баяндап берді. Сөзінше, ерегіс кезінде Әсет Матаевтың Арлан Айымбетовтен «Ninety One-сың ба?» деп сұраған. Ерегіске жас жігіттің сыртқы келбеті себеп болған.
Оған дейін сотта Серік Ясин, Ислам Амираджанов пен Арлан Айымбетовтен куә ретінде жауап алынды.
Әсет Матаевқа тағылған екінші айып оның «ҚазТАГ» халықаралық ақпарат агенттігі» ЖШС құрылтайшысы әрі бас директоры қызметіне байланысты болып отыр.
Айыптау актісіне сәйкес, 2025 жылдың 3 сәуірі мен 13 маусымы аралығында Матаев өз міндеттеріне салғырт қарап, ақпарат агенттігінің бас редактор Әмір Қасеновтің қызметіне тиісті бақылау жүргізбеген. Соның салдарынан «ҚазТАГ» сайтында «Фридом Финанс» АҚ-ның қызметіне қатысты көрінеу жалған ақпарат қамтылған бірқатар материал жарияланған.