Мысыр Аргентинамен ойындағы төрешіге байланысты ФИФА-ға шағым түсірді

Мысыр футбол қауымдастығы Аргентинамен ойынында төрелік еткен төреші Франсуа Летексьенің үстінен Халықаралық футбол федерациясы ФИФА-ға шағым түсірді. Бұл туралы En.as.com порталы хабарлады.
7 шілде күні өткен ойын 3:2 есебімен Аргентина құрамасының пайдасына аяқталды. Voices of Emirates басылымының мәліметінше, Мысыр тарапы өз шағымында есепке алынбай қалған голды, белгіленбеген пенальтиді және даулы эпизодтарда төрешілердің VAR (бейнеқайталау) жүйесіне жүгінуден бас тартқанын алға тартқан.
Мысыр футбол қауымдастығының басшысы Хани Або Рида төрешілер бригадасын Әлем чемпионатындағы алдағы ойындардан шеттетуді талап етіп, олардың іс-әрекетін «алалау» деп бағалады.
Кездесуден кейін Мысыр құрамасының капитаны Мохамед Салах та өз наразылығын білдірді.
«Біздің голымызды жоққа шығарды, пенальти белгілемеді. Содан кейін бірден қарсылас қарымта шабуылға шығып, гол соғып кетті. Не болғанын баршасы көрді. Менің бұған алып-қосарым жоқ», – деді Салах.
Осы жеңістің арқасында Аргентина ширек финалға жолдама алып, енді Швейцария құрамасымен кездеседі. Ойын 12 шілде күні таңғы 06:00-де өтеді.