Қазақстан Ираннан жер алуға келіскен портқа АҚШ шабуыл жасағаны рас па

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Шахид-Раджаи портындағы 2025 жылы болған жарылыс/ фото: Euronews

8 шілдеге қараған түні АҚШ үкіметі Иранның Бендер-Аббас қаласына шабуыл жасады. Бір күн бұрын еліміздің Сауда және интеграция министрлігі Иран мен Қазақстан тарабы дәл осы Бендер-Аббас қаласындағы Шахид-Раджаи портында көлік-логистикалық терминал салу үшін жерді жалға алғанын хабарлаған еді. Бұған «Нацбанка» телеграм арнасы назар аударды.

Мәселенің мән-жайы

Келісімге сай, Иран Ислам Республикасы Бендер-Аббас қаласындағы Шахид-Раджаи портындағы жер телімін Қазақстан тарапына беруі керек. Ол жерге көлік-логистикалық терминал салынуға тиіс. Жобаға жауапты – «QazTrade» компаниясы. Келісім 27 жылға жасалды, оның екі жылы терминал құрылысына арналады, ал 25 жыл нысанды пайдалануға берілді.

«Иранның ең ірі портында Қазақстан терминалының құрылуы «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің транзиттік әлеуетін нығайтуға, логистикалық бағыттардың тұрақтылығын арттыруға, сондай-ақ қазақстандық өнімнің Парсы шығанағы елдерінің, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азияның, сондай-ақ Шығыс Африка нарықтарына тиімді шығуын қамтамасыз ету арқылы экспорт географиясын кеңейтуге мүмкіндік береді», – деп жазылған министрлік хабарламасында.

АҚШ шабуылы жалға алған аумаққа қаншалықты әсер еткенін білу үшін Kursiv Mediа тиісті ведомствоға сауал жолдады. «QazTrade» АҚ ол аймақ қауіпсіз екенін, ешқандай соққы жасалмағанын хабарлады.

«Қазақстан жалға алған аумақ ешқандай әуе шабуылына ұшырамады», – деп жазылған жауапта.

Компания дерегінше, келісімге бұдан бірнеше уақыт бұрын қол қойған, бірақ ақпарат тек 7 шілдеде жарияланған. Әзірге ол аумақта құрылыс басталған жоқ. Құрылыс жүргізетін мердігерді анықтау үшін алдымен конкурс өтуі керек.

Осыған дейін бітімге келгеніне қарамастан АҚШ пен Иран арасындағы соғыс қайта басталды. Құрама Штаттар қолбасшылығы Иранның 80-нен астам әскери нысанына шабуылдағанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз