Қазақстанда 45 градусқа дейін ыстық болады

«Қазгидромет» 9-11 шілдеге ауа райы болжамын жариялады. Оған сәйкес, кейбір өңірлерде күн 45 градусқа дейін ысиды.
Синоптиктердің мәліметінше, батыс және солтүстік-батыс өңірлерде атмосфералық фронттардың әсерінен жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, екпінді жел соғып, нөсер жаңбыр күтіледі.
9 шілдеде шығыс өңірлерде де найзағай ойнап, жаңбыр жауады. Кей жерлерде мол жауын-шашын түседі де, артынша басылады.
Ал оңтүстік және оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай болжанған. Елдің қалған бөлігінде құрғақ әрі ыстық ауа райы сақталады.
Алдағы күндері ауа температурасы айтарлықтай көтеріледі:
- Батыс пен оңтүстік-шығыста – +33…+42°C;
- Солтүстік-батыс, солтүстік және орталықта – +32…+40°C;
- Оңтүстікте – +38…+45°C;
- Шығыста – +30…+38°C.
Бұған дейін «Қазгидромет» шілде айында Қазақстанда аптап ыстық кезеңдері нөсер жаңбыр, найзағай, екпінді жел және шаңды дауылдармен алмасатынын хабарлаған еді.