Қазақстанда BYD Yuan Up DM-i гибрид кроссовері сатылымға шығады

Қазақстанда BYD Yuan Up DM-i гибрид кроссоверін сатуға рұқсат беретін көлік құралының типін мақұлдау құжаты (ОТТС) рәсімделді.
«Қытай автомобильдері» хабарлауынша, құжаттың рәсімделуі модельдің жақын арада Қазақстан нарығына шығатынын білдіреді. Гибрид кроссовердің толық жүріс қоры 1100 шақырымға дейін жетеді.
Қашан сатылады
BYD Yuan Up DM-i Қытайдың Хэфэй қаласындағы зауытта құрастырылады. Қазақстандағы сертификаттауға Astana Motors құрамындағы New Energy Vehicles Kazakhstan компаниясы өтінім берген.
Бұған дейін BYD Қазақстанда 2026 жылы Denza B8, BYD Atto 8 және Seal 6 модельдерін ұсынатынын хабарлаған еді. Енді бұл қатарға қолжетімді гибридті Yuan Up DM-i де қосылмақ.
Техникалық сипаттамалары
BYD Yuan Up DM-i – алдыңғы жетекті, бес орындық шағын кроссовер.
Негізгі сипаттамаларына тоқталсақ, көліктің өлшемі – 4330 × 1830 × 1675 мм. Доңғалақ базасы – 2620 мм. Жүксалғыш көлемі 425 литр болса, артқы орындықтарды бүктегенде 1335 литрге дейін ұлғаяды. Мультимедиа жүйесі – 12,8 дюймдік сенсорлы экранмен жабдықталған. Цифрлық аспаптар панелі орнатылған.
Кроссовер 1,5 литрлік атмосфералық бензин қозғалтқышымен (98 а.к.) және 197 ат күшіне ие электрмоторымен жабдықталған. Трансмиссиясы – E-CVT.
18 кВт·сағ аккумулятор толық қуатталған кезде автомобиль тек электр қуатымен 110 шақырымға дейін жүре алады. Ал 45 литрлік жанармай багымен бірге жалпы жүріс қоры 1100 шақырымға дейін жетеді.
Бағасы қандай болуы мүмкін
Қазір Қазақстанда BYD Yuan Up-тың толық электрлі нұсқасы ресми түрде сатылып жатыр. Оның бағасы 10,99 млн теңгеден басталады.
Ал көршілес Өзбекстанда гибридті BYD Yuan Up DM-i электрлі нұсқасының бағасы шамамен 10,5 млн теңге болады. Қазақстандағы бағасы да осындай болуы ықтимал.
Айта кететін жайт, Қазақстанда электрокөліктер мен гибридтер нарығының саудасы қызып тұр. NEV сегментіндегі автомобильдер саудасы төрт айда бес есеге жуық өскен.