Құрылтай сайлауы алдында Бас прокуратура ескерту жасады

Құрылтай депутаттарының сайлауы 23 тамызда өтеді. Соған байланысты Бас прокуратура азаматтарға ескерту жасады.
Жоспарда 2-23 шілде аралығы партиялық тізімдерді ұсыну және тіркеу кезеңі деп бекітілген. 23 шілде сағат 18:01-ден бастап сайлау алдындағы үгiт басталады. Үгіт-насихат 22 тамыз сағат 00:00-ге дейін жалғасады.
Соған сәйкес, партиялық тізімді тіркеу аяқталғанға дейін қандай да бір сайлау алдында үгiт-насихат жүргізуге болмайды.
«Жөнсіз үгітке сайлаушыларға тегiн немесе жеңiлдiк шарттарымен тауар, бағалы қағаз беру, қызмет көрсету, лотерея, қайырымдылық акцияларын өткiзу, ақша төлеу не осындай уәде беру жатады. Бұл үшін жауапкершілік қарастырылған», – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ сайлау тағайындалған кезден бастап кандидаттарға, партиялық тізімдерді ұсынған саяси партияларға, сонымен бірге олардың атынан немесе оларды қолдап кез келген жеке және заңды тұлғаларға қайырымдылық іс-шараларын өткізуге тыйым салынады.
«Кандидаттың, партиялық тізімді ұсынған саяси партияның, сондай-ақ олардың сенім білдірілген адамдарының жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзуы кандидатты немесе партиялық тізімді тіркеу туралы шешімнің күшін жоюға әкеп соғады», – делінген ақпаратта.
Сонымен қатар жала жабу, басқа адамның абыройы мен қадiр-қасиетiне нұқсан келтiретiн немесе оның беделiн түсiретiн көрiнеу жалған мәлiметтер таратқандарға да әкімшілік жаза қарастырылған.
Айта кетейік, 22 тамыз – тыныштық күні. 23 тамыз – сайлау күні. Дауыстарды санау және дауыс беру нәтижелері туралы хаттаманы толтыру жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00-де басталады.