Шахматшы Бибісара Асаубаева Қазақстан әнұранын рояльмен орындады

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Шахматшы Бибісара Асаубаева рольмен әнұран орындады
Дарынды шахматшы / фото: Instagram/bibisarachess, видеодан скриншот, ЖИ көмегімен өңделген

Әлемге танымал шахматшы Бибісара Асаубаева тағы бір өнерді меңгерді. Енді ол рояльда ойнайды.

22 жастағы қазақ шахматшысы Қазақстан әнұранын рояльмен орындап, оны әлеуметтік желіге жариялады.

«Тағы бір хобби. Керемет деп айта алмаймын, бірақ тырысып-ақ бақтым. Бар болғаны 5-6 сабақтың нәтижесі», – деп сипаттады Instagram-дағы рилсті өнерлі қыз.

Желі қолданушылары да Бибісараның өнеріне тәнті болып, оған мейлінше қолдау көрсетіп жатыр.

«Әнұран! Жарайсың, Бибісара! Енді сөздерiн айтып үйренсең, тiптi, тамаша болады», – деп жазды Риза есімді жанкүйер.

Асаубаева осының алдында ғана қазақ тілі сабағынан үзінді жариялап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Сол кезде әлемнің үш дүркін чемпионы (блиц) тіл жанашырларынан қатты сөкпеуді сұрады.

Естеріңізге сала кетейік, маусым айының аяғында Асаубаева былтыр тағайындалған II дәрежелі «Барыс» орденін алты ай өткенде ғана алды. Әлемге әйгілі қазақ шахматшысын шенділер Астанаға арнайы шақыртып, марапатты салтанатты түрде тапсырды.

Маусым айының басында Асаубаева айлығын 300 мың теңгеге дейін қысқартып тастағанына ренжіп, президентке үндеу жолдады. Спорт министрлігіндегілер шұғыл түрде журналистерді жинап, чемпиондар «тым еркелеп кетті» деп сынады. Бибісара болса шахматты басымдыққа ие спорт түрлерінен шығарып тастаған министрін «бағытынан адасқан» деп сөкті. 

Сондай-ақ оқыңыз