БЖБ мен ТЖБ орнына қандай бағалау жүйесі енгізілуі мүмкін – министр түсіндірді

Қазақстанда бастауыш сынып оқушылары үшін бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсандық жиынтық бағалауды (ТЖБ) алып тастау мәселесі әлі де талқыланып жатыр. Егер бұл бастама қолдау тапса, бастауыш сынып оқушыларының білімін бағалау формативті бағалау арқылы жалғасады. Яғни мұғалімдер оқушылардың үлгерімін күнделікті бақылап, дер кезінде кері байланыс беретін болады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған видеода мәлімдеді.
БЖБ мен ТЖБ орнына не ұсынылды
Министрдің айтуынша, ұсынылып отырған өзгеріс оқушылардың білімін бағалау жүйесінен толықтай бас тартуды көздемейді. Керісінше, мектептерде формативті бағалау сақталады.
Яғни мұғалімдер бұрынғыдай оқушылардың оқу қарқынын, оқу материалын меңгеру деңгейін, мәтінді түсінуін және күнделікті үлгерімін бақылап, уақытылы кері байланыс береді. Ал бөлім соңында және тоқсан аяқталғаннан кейін өткізілетін жиынтық бағалаулардың бастауыш сынып оқушылары үшін қаншалықты тиімді әрі қажет екені қайта қаралмақ.
Жұлдыз Сүлейменова бастауыш мектептегі басты мақсат – баланы бағалау арқылы күйзеліске ұшырату емес, оның мектепке, білім алуға және жаңа ортаға деген қызығушылығын арттыру екенін айтты.
Оның сөзінше, әлемнің көптеген елінде бастауыш сынып оқушылары Қазақстандағыдай бағалау жүйесімен оқымайды. Ал елімізде оқушылар 2-сыныптан бастап БЖБ мен ТЖБ арқылы бағаланады.
«Бастауыш мектеп – баланың мектеп өміріне бейімделіп, білім алуға және құрдастарымен қарым-қатынас орнатуға үйренетін ең маңызды кезең. Сондықтан бүгінде бастауыш сыныптардағы барлық пән бойынша БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мәселесін жан-жақты талқылап жатырмыз», – деді министр.
Мұғалімдердің жүктемесі азаюы мүмкін
Министрдің сөзінше, бастаманың тағы бір мақсаты – бастауыш сынып мұғалімдерінің жүктемесін жеңілдету.
«Қазір бастауыш сынып мұғалімдері барлық пән бойынша БЖБ мен ТЖБ тапсырмаларын әзірлеп, кейін олардың барлығын тексеруге көп уақыт жұмсайды. Мыңдаған жұмысты тексеру педагогтерге айтарлықтай салмақ түсіреді. Сол уақытты балалармен жеке жұмыс істеуге, олардың біліміндегі олқылықтардың орнын толтыруға және қабілеттерін дамытуға жұмсауға болар еді. Сондықтан бұл мәселені жан-жақты зерделеп жатырмыз», – деді министр.
Түпкілікті шешім қашан қабылданады
Жұлдыз Сүлейменова бұл бастама бойынша әзірге түпкілікті шешім қабылданбағанын айтты. Оның сөзінше, мәселе тамыз айында өтетін дәстүрлі педагогтердің тамыз кеңесінде кеңінен талқыланады.
Министр педагогтерді, сарапшыларды және ата-аналарды ұсынысқа қатысты өз пікірлері мен ұсыныстарын білдіруге шақырды. Оның айтуынша, барлық ұсыныс білім беру жүйесін жетілдіруге бағытталған түпкілікті шешім қабылдау кезінде ескеріледі.
Осыған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мектеп оқулықтарының қайта жазылу себебін түсіндіріп берді. Айтуынша, биыл 3О тамызға дейін үшінші және тоғызыншы сыныптардың оқулықтары қайта басылып шығады.