Алматы-Өскемен тасжолында ірі жол апатынан бір адам қаза тапты

Абай облысында төрт автокөліктің қатысуымен адам өліміне әкеп соққан ЖКО орын алды. Алдын ала мәліметтер бойынша, апатқа жүргізушілердің бірінің зейінсіздігі себеп болған. Қайғылы жағдай 9 шілдеде таңғы сағат 08:40 шамасында Алматы-Өскемен тасжолының 885-шақырымында, Жарма ауданы Жарма ауылының маңында болды.
Абай облысының полиция департаментінің мәліметінше, Volkswagen Polo жүргізушісі басқаруға мән бермей, рульге ие бола алмай қалған және қарсы бағытқа шығып кетіп, Volvo жүк көлігімен соқтығысқан. Бұдан кейін апатқа Toyota Windom және DAF жүк автокөлігі де тап болған.
Соқтығысу салдарынан Volkswagen Polo-ның жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Апаттың тағы бірнеше қатысушысы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.
«Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда», – деп хабарлады аймақтық ПД-ден.
Полиция жүргізушінің телефонға, сөйлесуге, салоннан заттар іздеуге немесе басқа да бөгде әрекеттерге бірнеше секундқа ғана алаңдауының өзі қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін екенін еске салды.