Алматы тұрғындары арықтарды бетонмен жабуға қарсы петиция бастады

Алматы тұрғындары қаладағы арықтарды бетон плиталармен жабуға қарсылық білдіріп «E-Petition.kz» порталында петиция жариялады.
Петиция авторлары арықтарды бетонмен қаптау экологияға зиян келтіретінін, сонымен қатар қаланы су басу қаупі артатынын жазған. Осыған байланысты тұрғындар арықтарды жабуға мораторий енгізуді және бұған дейін жабылған арықтарды қайта қалпына келтіруді талап етуде.
Белсенділердің пікірінше, ашық арықтарды жерасты бетон қораптарға айналдыру қаланың қауіпсіздігіне, экологиясына және тарихи келбетіне де нұқсан келтіреді.
«Арықтар Алматының мәдени коды ғана емес, ондаған жылдар бойы жаңбыр мен еріген қар суын бұрып, көшелерді табиғи түрде салқындататын құрал. Ал бұл жүйені жабу ыстықты күшейтіп, топырақтың ылғалдануын нашарлатады, ауа сапасының нашарлауына да әкеледі. Сонымен қатар арықтарда құстар мен жануарлар су іше алады», – дейді петиция авторлары.
Петиция авторлары жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі үшін арықтарды жабу керек деген уәжді негізсіз деп есептейді. Өйткені мәселені абаттандыру, жарықтандыру, қоршаулар мен жолақтар орнату арқылы да шешуге болады.
Айтуынша, керісінше, арықтарды жабу автокөліктердің тротуарға шығып кету қаупін арттыруы мүмкін. Гидрологиялық тұрғыдан алғанда, жабық арықтарды тазалау қиын, ал олардың су өткізу қабілеті төмендесе, көшелерді су басып, жолдар бүлінеді және үйлердің жертөлелеріне су толады.
Сонымен қатар бұл тәжірибе ҚР Экологиялық кодексінің 13-бабына және «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңға қайшы келеді. Осыған байланысты петиция авторлары Алматы аумағында арықтарды бетонмен жабуға мораторий енгізуді, бұрын жабылғандарын кезең-кезеңімен қалпына келтіруді талап етеді.
Бүгін Алматыда Республика алаңында жаңа аялдама пайды болды. Жолаушылар үшін заманауи аялдама павильоны, күту орны және ақпараттық тақта орнатылды. Оның алдына екі бағытта қатынайтын №21, №45, №95 және №121 бағыттарындағы автобустар тоқтайды.