
Әйгілі кино жұлдызы Джеки Чан Алматы қаласына ресми сапармен келді.
Сапар аясында ол Алматыдағы Оқушылар сарайына арнайы ат басын бұрып, жасөспірімдермен және мектеп оқушыларымен кездесті.
Қазақы қонақжайлылық пен сый-сияпат
Джеки Чанды Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева күтіп алды.
Құрметті қонаққа қазақтың қайсарлық символы саналатын қамшы сыйға тартылды.
Сонымен қатар, жергілікті шеберлердің қолынан шыққан, Алматының көрнекі жері – Көктөбенің бейнесі өрнектелген арнайы ұлттық қолөнер туындысы табыс етілді.
Кездесу барысында өнерпаздар қонаққа домбыра мен ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен қазақ күйлерін орындап берді.
Жиын соңында Алматылық оқушылар мейманнан қолтанба алып, естелік суретке түсті.
Еске сала кетейік, Джеки Чан басты рөлді сомдайтын «Құдіретті сауыт-сайман 4: Ультиматум» фильмі Қазақстанның көрікті жерлерінде түсіріліп жатыр. Түсірілім жұмыстары бұған дейін Маңғыстау облысында басталған еді.