Миллионер Мәжібаевқа тиесілі сусын зауытының таза пайдасы азайған

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстандықтарға шырын, шай және өзге де сусындарымен жақсы таныс «RG Brands» компаниясы былтыр 11 млн теңгеден аса таза пайда тапқан. Көрсеткіш 2024 жылғы табыстан 3 млрд теңгеге аз. Бұл туралы компанияның 2025 жылғы шоғырландырылған қаржылық есептілігі мен аудиторлық есебінде жарияланған.

Капитал өсіп, қарыз азайған

Компанияның қаржылық тұрақтылығын көрсететін ең басты көрсеткіштердің бірі – меншікті капитал. Ол бір жыл ішінде 19,7 млрд теңгеден 34,7 млрд теңгеге дейін айтарлықтай өскен. Бұл компанияның ішкі резерві мен активтерінің нығайғанын білдіреді. Ал жарғылық капитал өзгеріссіз қалып, 2,78 млрд теңге деңгейінде сақталды.

2024 жылдың соңында «RG Brands» міндеттемелері 120 млрд теңгеден асса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 107,7 млрд теңгеге дейін төмендеген. Бұл ретте компанияның жалпы активтері аз да болса өсіп, 139,8 миллиардтан 142,4 млрд теңгеге жетті.

Сауда қызып тұр, бірақ таза пайда неге төмендеді?

Есепті кезеңде компанияның өнім сатудан түскен түсімі айтарлықтай артқан. Жылдық табыс 170,9 млрд теңгеден 185,3 млрд теңгеге дейін өсті. Түсімнің артуымен бірге жалпы пайда да көбейіп, 74,7 млрд 86,1 млрд теңгеге жеткен. Бұл өнімге деген сұраныстың жоғары екенін және сауданың жақсы жүргенін көрсетеді.

Алайда, жалпы сауда көлемі мен жалпы пайда өскенімен, компанияның түпкілікті таза пайдасы азайған. Егер 2024 жылы «RG Brands» 14,1 млрд теңге таза пайда тапса, 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 11,1 млрд теңгені құрады. Таза пайданың төмендеуі компанияның тиімділік көрсеткіштеріне де әсер етпей қоймады.

  • ROA (активтердің қайтарымдылығы) 10,11%-дан 7,83%-ға төмендеді.
  • ROE (меншікті капиталдың қайтарымдылығы) 71,58%-дан 32,10%-ға азайды.
  • ROS (сату тиімділігі) 8,27%-дан 6,02%-ға түсті.

Акциялар құны қалай өзгерді?

Инвесторлар мен акционерлер үшін маңызды көрсеткіш – акциялардың баланстық құны. Осы тұста жай акциялардың бағасы айтарлықтай өскені байқалады. Мәселен, бір жай акцияның баланстық құны 5 666 теңгеден 10 012 теңгеге дейін бірден өскен. Ал артықшылығы бар акцияның баланстық құны өткен жылғы деңгейде қалып, 1 200 теңгені құрады.

Бұған дейін Pepsi сусыныны шығарып келген зауыт 2025 жылдың соңынан бері Salam Premium Cola шығаратынын жазғанбыз.

Сонымен қатар кәсіпорын Gracio мен DaDa шырынын, «Пиала» шайын, Piala Ice Tea мен Lipton Ice Tea сусынын, Mirinda мен Seven-up газдалған сусынын, Yeti мен Lavina энергетиктері мен «Мое» сүтін өндіреді.

RG Brands компаниясының 98% акциясы Дубайда тіркелген RG Brands Holding Limited холдингіне тиесілі. Компанияның түпкі иесі – кәсіпкер Қайрат Мәжібаев. Forbes журналы оның байлығын 192 млн доллар деп бағалап, Қазақстанның ең дәулетті 75 адамының қатарына енгізген.

Сондай-ақ оқыңыз