Павлодарда теміржолшы жұмыстағы жазатайым оқиға үшін соттасты

Павлодарда теміржолшы жұмыстағы жазатайым оқиғадан кейін мүгедек болып қалды. Ер адамның көзіне металл жарықшағы кіріп кеткен. Алайда оқиғаны зерттеген комиссия жұмыс беруші 70% кінәлі, ал қалған 30% кінә зардап шегушінің өзінде деген шешімге келген.
Мамандар оны абайсыздық танытты деп есептеді. Жұмыскер бұнымен келіспей, сотқа жүгінді. Істі Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты қарады.
Іс материалдарына сәйкес, ер адамның жарақаты өте ауыр болып шыққан, кейіннен оған III топтағы мүгедектік белгіленді. Тергеу барысында жұмыс берушінің зардап шегушіге қорғаныш көзілдірігі берілгенін дәлелдей алмағаны анықталды. Сондай-ақ, жұмысшының еңбекті қорғау нұсқаулықтарымен және тиісті бұйрықпен танысқаны туралы сенімді дәлел табылмады.
Сонымен қатар, сот кәсіпорында еңбекті қорғаудың тиісті жағдайлары қамтамасыз етілмегенін анықтады. Жұмыс беруші жеке қорғаныс құралдарының қолданылуын бақыламаған, жұмысты орындаудың қауіпсіз тәртібін айқындамаған, қызметкерлер арасында міндеттерді бөлмеген және тиісті өндірістік бақылауды ұйымдастырмаған.
«Нәтижесінде сот Еңбек мемлекеттік инспекциясы комитетінің Павлодар облысы бойынша департаментіне арнайы тергеп-тексеру актісін өзгертуді, одан жұмыскердің дөрекі абайсыздығы туралы қорытындыны алып тастауды міндеттеді. Енді жұмыс берушінің кінәсінің дәрежесі 100%, ал жұмысшынікі – 0% болуы тиіс», – деп атап өтті сотта.
Шешім заңды күшіне енді.