Қазақстанда ең көп салық төлеген университеттер

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Салық төлеуші ең ірі 50 университет / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Қазақстандағы ірі университеттер тек білім беріп қана қоймай, бюджетке төлейтін салық көлемі бойынша да үлкен ойыншыға айналып отыр. 2025 жылы ең көп салық төлеген ЖОО тізімінде ұлттық университеттер, медициналық оқу орындары және жеке университеттер қатар көрінді. Ашық дереккөздердегі БИН мен Мемлекеттік кірістер комитетінің (МКК) мәліметтері негізінде Kursiv Media арнайы рейтинг жасады. Рейтингте топ-50 ЖОО көрсетілген.

Ең ірі салық төлеген университеттер

2025 жылы салық төлемі бойынша бірінші орында Назарбаев Университеті тұр. Ашық дереккөздерде оның 2025 жылғы салық аударымы 7,9 млрд теңгеден асқаны көрсетілген. Бұл көрсеткіш оны елдегі басқа жоғары оқу орындарынан айқын алға шығарады.

Инфографика: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Екінші орында – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. ҚазҰУ-дың 2025 жылғы салық төлемі 5,1 млрд теңгеден асты.

Үшінші орында – Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Ол былтыр 4,25 млрд теңге шамасында салық төлеген. Ал төртінші орынға Satbayev University шықты – 3,88 млрд теңге. Бестікті С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті түйіндейді.

Топ-10 қатарына сондай-ақ Абай атындағы ҚазҰПУ, Астана медицина университеті, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті және Қарағанды медицина университеті кірді.

Бұл рейтинг университеттің білім сапасын немесе академиялық беделін тікелей өлшемейді. Бірақ ол оқу орнының экономикалық салмағын, қызметкерлер саны мен қаржылық айналымын, ақылы білім беру нарығындағы орнын және бюджетке түсіретін үлесін шамамен түсінуге мүмкіндік береді.

Алматы университеттері неге көп?

Топ-50 ішінде Алматы қаласындағы университеттер басым. Жаңартылған рейтингте Алматыдан 22 университет кірді. Олардың жиынтық салық төлемі шамамен 27,7 млрд теңге болды.

Алматыдағы ең жоғары көрсеткіш ҚазҰУ-ға тиесілі. Одан кейін Satbayev University, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ және Абай атындағы ҚазҰПУ тұр. Бұл төрт университеттің әрқайсысы 2025 жылы 2 млрд теңгеден көп салық төлеген.

Жеке университеттер де Алматы блогында айқын көрінеді. Нархоз, KIMEP, Қазақстан-Британ техникалық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, UIB, Алматы технологиялық университеті, Тұран және AlmaU сияқты оқу орындары рейтингке енді.

Алматының алға шығуы түсінікті. Қалада студент көп, жеке жоғары білім нарығы дамыған, медицина, техника, IT, бизнес және шығармашылық бағыттағы оқу орындары шоғырланған. Сондықтан салық рейтингі де осы концентрацияны көрсетіп отыр.

Астана университеттері: саны аз, бірақ ірі ойыншылар бар

Астана топ-50 ішінде университет саны бойынша Алматыдан кейін тұр. Жаңартылған рейтингке елордадан 8 университет кірді. Бірақ олардың ішінде салық көлемі өте жоғары бірнеше ірі оқу орны бар.

Бірінші орында – Назарбаев Университет. Ол жалпы рейтингтің де көшін бастап тұр. Үздік үштікке ЕҰУ да кірді. Астана медицина университеті мен С. Сейфуллин атындағы ҚазАТЗУ да топ-10 маңында орналасқан.

Жаңартылған тізімге бұрынғы ҚАЗГЮУ – қазіргі Maqsut Narikbayev University (MNU) қосылды. PRG дерегінде университеттің 2025 жылғы салық төлемі 1,078 млрд теңге деп көрсетілген. Бұл оны рейтингте шамамен 20-орынға шығарады.

MNU қосылғаннан кейін топ-50-ден Алматы гуманитарлық-экономикалық университеті шығып қалды. Себебі оның 2025 жылғы салық төлемі 257,5 млн теңге болған, ал MNU көрсеткіші 1 млрд теңгеден жоғары.

Астана блогының ерекшелігі – мұнда университет саны Алматыға қарағанда аз болғанымен, бірнеше ірі мемлекеттік және квазимемлекеттік білім орталығы бар. Сондықтан елорданың топ-50 ішіндегі жалпы салық көлемі шамамен 19,1 млрд теңгеге жетті.

Өңірлік университеттер де назарда

Топ-50 тек Алматы мен Астанадан тұрмайды. Рейтингке Қарағанды, Семей, Ақтөбе, Түркістан, Павлодар, Өскемен, Тараз, Ақтау, Петропавл, Қызылорда, Талдықорған, Орал және Атырау қалаларындағы университеттер де кірді.

Өңірлер арасында Қарағанды медицина университеті, Семей медицина университеті, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті және Ә. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті жоғары орналасқан. Бұл Қарағандының білім және медицина кадрларын даярлау орталығы ретіндегі рөлін көрсетеді.

Шымкенттен топ-50-ге екі оқу орны кірді: М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті және Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы. Екеуінің жиынтық салық төлемі 2,57 млрд теңге шамасында.

Бұл дерек талапкерге де, ата-анаға да, нарықты бақылайтын сарапшыларға да қызық. Себебі ол жоғары білім саласындағы қаржылық белсенділікті көруге мүмкіндік береді. Бірақ рейтингті «ең жақсы университеттер» тізімі деп қабылдауға болмайды. Академиялық сапа бөлек көрсеткіштермен өлшенеді: білім беру бағдарламалары, профессорлар құрамы, зерттеу, халықаралық рейтинг, түлектердің жұмысқа орналасуы және жұмыс берушілер сұранысы.

Сондай-ақ оқыңыз