
Қазақстанда соңғы жылдары қолға алынған несие талаптарын қатайту саясаты кілт тоқтады. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) бұдан былай жеке тұлғаларға қарыз беру ережелерін одан ары қатаңдатпау туралы бірлескен шешім қабылдаған. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов үкіметтің экономикалық блогы өткізген жиында мәлімдеді.
Ең алдымен, реттеуші органдар қарыз алушының борыш жүктемесі коэффициенті (КДН) мен қарыздың табысқа арақатынасы коэффициентіне (КДД) қатысты талаптарды одан ары қатайтудан бас тартты.
«ҚНРДА-мен бірлесіп іске асырылған шаралар кешені инфляция драйверінің бірі болған кепілсіз несиелердің нормативтен тыс өсуін тоқтатуға мүмкіндік берді. Бұл ретте біз барынша салмақты әрекет етеміз. Қазіргі уақытта қабылданған шаралардың нәтижесін талдау негізінде біз БЖК және ҚТК бойынша талаптарды қатаңдатудан бас тарту, сондай-ақ ипотека бойынша ЖТСМ төмендетпеу туралы бірлескен шешім қабылдадық. Бұдан басқа, экономикадағы жиынтық сұраныс қазір инвестициялардағы оң үрдіс есебінен қолдау табуда, онда инвестицияның 70%-дан астамы жеке секторға тиесілі» – деп атап өтті Сүлейменов.
Бұған дейін 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап елде несие алу тәртібі айтарлықтай қатаңдайтыны хабарланған.
Ұлттық банк төрағасы шілде айына қарай банктен ақша алғысы келетін кез келген азаматтың төлем қабілетін нақты бағалайтын жаңа КДН және КДД тәсілдері әзірленетінін, табысы жоқ адамдарға несие берілмейтінін айтқан еді.
Бұл шаралар халықтың несиеге белшеден батуын шектеп, банктерді тұтынушылық қарыз беруден гөрі бизнесті қаржыландыруға бағыттауды көздеді.
Реттеушілердің мәліметінше, 2023 жылдан бері енгізілген шектеулер инфляцияның басты қозғаушы күші болған кепілсіз несиелердің «нормадан тыс өсімін» тоқтатуға мүмкіндік берген.
Алайда, уақыт өте келе бұл мәселеге деген көзқарас өзгерді. Мамыр айында ҚНРДА басшысы Мәдина Әбілқасымова тұтынушылық несиенің инфляцияға тигізетін әсері тым асыра сілтеп жіберілгенін мойындады. Сондай-ақ сарапшылар да талаптарды шектен тыс қатайту банк секторын қысып, елде «қара базардағы» заңсыз өсімқорлықтың жайылуына әкеп соғатынын ескерткен. Осы факторларды ескере келе, билік шектеулерді одан ары ушықтырмаған жөн деп тапты.
Бұл шешім ипотека нарығын да айналып өтпеді. Реттеушілер ипотека бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) жоғарғы шегін 25%-дан 20%-ға дейін төмендетпейді. Дегенмен, бұл бағытта нақты дифференциалды (жіктелген) тәсіл қолданылатын болады.
Нақтырақ айтсақ, 2027 жылдан бастап Қазақстанда ипотеканың пайыздық мөлшерлемесі тұрғын үйдің алғашқы жарнасына байланысты белгіленбек.
Егер қарыз алушының қолында баспана құнының 30 пайызы болса, ЖТСМ-нің ең жоғарғы шегі 20%-дан аспайды. Ал егер жинаған ақшасы 30%-дан аз болса, онда ипотеканың ең жоғарғы пайыздық шегі 25% көлемінде сақталады.