«Жасыл даму» орман өртінің алдын алуға 16 млрд теңге бөлді

Қазақстанда орман қоры мен ұлттық парктерді цифрландыру жобасы басталды. «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында «Жасыл даму» АҚ жобаға 16,9 млрд теңгеден астам қаржы бөлген.
Жоба Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Оның аясында еліміздің бірнеше өңіріне өртті ерте анықтайтын заманауи ЕАЖ-1 жүйесінің 14 кешені жеткізілді.
«Жасыл даму» АҚ орман өрттерінен қорғауға
бөлінген қаржы өңірлерге үлестірілді
| Облыс | Сома (теңге) | % |
|---|---|---|
| Ақмола облысы | 4 838 441 450 | 28.6% |
| Алматы облысы | 3 337 277 304 | 19.7% |
| Қарағанды облысы | 3 043 492 747 | 18.0% |
| Түркістан облысы | 1 661 830 639 | 9.8% |
| Шығыс Қазақстан облысы | 1 635 428 178 | 9.7% |
| Қостанай облысы | 1 354 086 800 | 8.0% |
| Павлодар облысы | 1 045 995 589 | 6.2% |
Бөлінген қаражат тек техника сатып алуға емес, қорғалатын аумақтарды тәулік бойы бақылайтын бірыңғай бағдарламалық-техникалық жүйені құруға жұмсалады. Ол жүйе алғашқы түтінді, жану өнімдерін және температураның көтерілуін автоматты түрде тіркейді. Қауіп анықталса, дабыл бірнеше секундта диспетчерлік пунктіге жолданады. Сондай-ақ, жекелеген нысандарға шолу үшін бұрышы кең, автоматтандырылған заманауи камералар орнатылды.
Еске салайық, осыдан төрт жыл бұрын елдің шығысы мен солтүстігінде алапат өрт болып, Қостанай мен Семейдегі ормандар отқа оранды. Кейін Қостанай орманындағы ағаштың 38%-ы аукцион арқылы сатылды.