Еңбек кітапшасында қате болса, жұмыс өтілін қалай растауға болады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Еңбек кітапшасындағы түзетулер зейнетақыға әсер ете ме / Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Еңбек кітапшасында қате болса, еңбек өтілі есепке алына ма? Бұл сұраққа Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Асқар Аймағамбетов жауап берді.

Журналистер еңбек кітапшасында қателер немесе толық емес жазбалар болса, еңбек өтілі зейнетақы тағайындау кезінде есепке алына ма деген мәселені көтерді.

«Еңбек кітапшасында түзетулер, қателер немесе жазбалар жеткіліксіз болған жағдайлар жиі кездеседі. Көп жағдайда кадр қызметкерлері кейбір мәліметтерді толық көрсетпеген, бұйрықтың нөмірі немесе күні жазылмаған болады. Сондай-ақ мөрдің болмауы немесе оның анық басылмауы сияқты жағдайлар да жиі ұшырасады», – деді Асқар Аймағамбетов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг кезінде.

Оның айтуынша, мұндай жағдайда зейнетақы тағайындату үшін еңбек өтілі архивтік анықтама арқылы расталуға тиіс. Ал еңбек кітапшасында елеулі қателер анықталса, заңды фактіні сот тәртібімен белгілеу қажет болады.

Айта кетейік, Қазақстанда зейнетақы жүйесін жетілдірудің бірнеше жаңа моделі қарастырылып жатыр. Солардың бірі – Сингапур тәжірибесіне негізделген жүйе. Бұл модель азаматтарға зейнетке шықпай тұрып-ақ зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беруі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз