Toyota әйгілі Land Cruiser 70 моделін қайта сатылымға шығарды

Toyota бір жылға жуық үзілістен кейін Toyota Land Cruiser 70 жол талғамайтын көлігіне Австралияда қайтадан тапсырыс қабылдай бастады. Бұл туралы Carscoops басылымы хабарлады.
Заманауи экологиялық талаптарға сай болу үшін көлікке AdBlue негізіндегі шығарынды газдарды тазарту жүйесі орнатылған. Сонымен қатар модельдің классикалық құрылымы мен жолсыз жердегі мүмкіндіктері өзгеріссіз сақталған.
Компания 2025 жылы сұраныстың жоғары болуы және жеткізілім көлемінің шектеулі болуына байланысты бұл модельге тапсырыс қабылдауды тоқтатқан еді. Енді Toyota Land Cruiser 70 қайтадан сатылымға шықты. Алайда әзірге оның барлық нұсқасына бірдей тапсырыс беру мүмкін емес.
Не өзгерді

Негізгі өзгеріс көліктің Euro 6d экологиялық стандартына сәйкестендірілуіне байланысты болды. Осы мақсатта жол талғамайтын көлікке азот оксидтерінің шығарындысын азайтатын 20 литрлік AdBlue багы орнатылды.
Жаңа жүйенің енгізілуіне байланысты Troopcarrier нұсқасының жанармай багының көлемі 180 литрден 130 литрге дейін қысқартылды.
Қозғалтқыш өзгерген жоқ, бірақ V8 жоқ
Көлік бұрынғыдай 201 ат күші мен 500 Нм айналу моментін өндіретін 2,8 литрлік турбодизельді қозғалтқышпен жабдықталған. Бұл қозғалтқыш Toyota Hilux моделінде де қолданылады.
Аталған агрегат 2024 жылы өндірістен алынған аты аңызға айналған 4,5 литрлік V8 дизельді қозғалтқыштың орнын басқан.
Механикалық нұсқа әзірге сатылымға шықпады

Әзірге Toyota сатылымға тек алты сатылы автоматты беріліс қорабымен жабдықталған нұсқаларды ғана шығарды. Ал бес сатылы механикалық беріліс қорабы бар модельдер әзірге бағалар тізімінде жоқ. Дегенмен компания олардың өндірістен біржола алынғанын ресми түрде мәлімдеген жоқ.
Toyota Land Cruiser 70 моделі 1984 жылдан бері шығарылып келеді және әлемдегі ең ұзақ уақыт өндірісте тұрған рамалы жол талғамайтын көліктердің бірі саналады. 40 жыл ішінде бұл модель өзінің классикалық құрылымын айтарлықтай өзгертпей сақтап қалды. Соның арқасында ол ең күрделі жол жағдайында да сенімділігімен танылған көлік ретінде беделге ие болды.
Еске салсақ, осыған дейін Toyota 700 ат күшіне ие 7 цилиндрлі Camry көрсеткен болатын.