ҚТЖ 50 жаңа локомотивпен толықты

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының локомотивтер паркі Alstom және CRRC компаниялары шығарған 50 жаңа локомотивпен толықты. Жаңа локомотивтер бес теміржол депосына жеткізілді.
Жаңа локомотивтер қай деполарға жіберілді
Ең көп локомотив Қандыағаш пен Жем деполарына жеткізілді. Әрқайсысына 17 локомотивтен берілген.
Бұдан бөлек:
- Ақтоғай депосына – 9 локомотив;
- Астана депосына – 6 локомотив;
- Балқаш депосына – 1 локомотив жіберілді.
ҚТЖ мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері компанияға 134 жаңа тартушы жылжымалы құрам жеткізілген. Олардың қатарында Wabtec және CRRC компаниялары шығарған магистральдық тепловоздар, Alstom компаниясының электровоздары, сондай-ақ CRRC компаниясының маневрлік тепловоздары бар.
Қазір жаңа техникалар Астана, Қызылорда, Қарағанды, Атырау, Маңғыстау, Павлодар, Мақат, Екібастұз, Жем, Қандыағаш, Ақтоғай және Балқаш локомотив деполарында пайдаланылып жатыр.
Жаңа локомотивтердің қандай мүмкіндіктері бар
Ұлттық компания мәліметінше, жаңа локомотивтердің машинист кабиналары заманауи климаттық бақылау жүйесімен, тоңазытқышпен, тамақ жылыту құрылғысымен, эргономикалық орындықтармен және жеке заттарды сақтауға арналған орындармен жабдықталған.
Сонымен қатар жаңа тепловоздардың құрылымы пайдалану шығындарын азайтуға және техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жеңілдетуге бағытталған.
Осыған дейін Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Қазақстанда локомотивтердің 49 пайызы тозып тұрғанын мәлімдеген еді.