5 пайыздан басталатын ипотека: жинақ жүйесіне қосылатын банктердің шарттары қандай

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Биыл екінші деңгейлі банктердің тұрғын үй жинақ жүйесіне қатысуына рұқсат берілгені белгілі. Осы уақат аралығында негізінен Отбасы банк монополист саналатын жүйеге қатысуға бірнеше коммерциялық банк ниет білдірді. Олардың қатарында Нұрбанк, Халық банк пен Freedom Bank бар. Осы ретте Kursiv.Media банктер жинақ жүйесі арқылы қандай шарттармен ипотека ұсынып отырғанын зерделеп көрді.

Halyk Bank

Halyk Bank жақында «SHANYRAQ» атты жаңа тұрғын үй жинақ бағдарламасын іске қосты. Бұл жүйенің негізгі мақсаты – клиенттерге 3 жыл бойы жаңа депозитте ақша жинап, кейін жылдық мөлшерлемесі 5%-дан басталатын (ЖТСМ 5,1%-дан бастап) тиімді ипотека алуға мүмкіндік беру.

Жинақтау кезеңін бастау үшін тұтынушы Halyk SuperApp мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрде «SHANYRAQ» депозитін аша алады. Ол үшін алғашқы жарна ретінде небәрі 5 000 теңге салу жеткілікті және кейін оны ешқандай шектеусіз толықтырып отыруға болады.

Депозиттің мерзімі кемінде 36 айды (3 жыл) құрауға тиіс, ал жиналған қаражатқа банк тарапынан ай сайын жылдық 2% (ЖТСМ 2,02%) сыйақы қосылып отырады.

Ипотека алу құқығына ие болу үшін клиент болашақ баспана құнының кемінде 50%-ын депозитте жинап, банк белгілеген минималды бағалау көрсеткішін 16-ға жеткізуі міндетті. Осы шарттар орындалғаннан кейін банк 10 жылға дейінгі мерзімге тұрғын үй займын ұсынады.

Бағдарлама аясында сатып алынатын үйдің ең төменгі құны 5 млн теңгеден кем болмауы керек. Сонымен қатар банк несиені рәсімдегені үшін ешқандай комиссия алмайды.

Кепілзат ретінде талапқа сай келетін жаңа салынған немесе ескі нарықтағы үйлер қабылдана береді, ал несиенің нақты көлемі борышкердің төлем қабілеттілігіне байланысты есептеледі.

Бұл бағдарламаның нарықтағы өзге жүйелерден өзіндік айырмашылығы бар. Ең бастысы, «SHANYRAQ» депозитіне мемлекеттік сыйақы (премия) төленбейді. Сондай-ақ, егер клиенттің банкте бұрыннан келе жатқан ескі депозиттері болса, оларды жаңа салыммен біріктіріп, уақыт ұтуға рұқсат етілмейді: 3 жылдық мерзімді толықтай жаңа депозитте өткізу қажет.

Бастапқы жарнаны азайту мүмкіндігі де қарастырылмаған. Егер қолда үй құнының 20%-ы ғана болса немесе жетпей тұрған ақшаның орнына басқа мүлікті қосымша кепілге қойғыңыз келсе, банк несие бермейді. Ипотекаға қол жеткізу үшін келісімшарттағы соманың 50%-ын міндетті түрде осы депозитте жинақтау қажет.

BI мен Freedom Bank-тің бірлескен бағдарламасы

BI Group компаниясы мен Freedom қаржы құрылымы бірлесіп, «Körkem» атты жаңа ипотекалық бағдарламаны іске қосты. Мұнда ақша жинау мен несие алу жүйесі қатар жүреді. Егер пәтерді бірден сатып алуға ақшаңыз жетпесе, осы жүйе арқылы қаражат жинап, төмен пайызбен қарыз ала аласыз.

Сатып алушы ең алдымен пәтер құнының 30% көлемінде бастапқы жарна құюы керек. Бағдарлама бойынша 100 млн теңгеге дейін ипотека беріледі.

Бұл ақшаға қарапайым пәтерді де, жайлылығы жоғары деңгейлі үйді де таңдауға болады. Несиенің жылдық мөлшерлемесі 10%-дан басталады.

Өтінім қабылдау 9-20 шілде аралығында өтеді. Банк бөлінген қаржы лимитіне қарай ең лайықты өтінімдерді іріктеп алады. Іріктеуден өткен клиенттер BI Group компаниясынан пәтер таңдап, несие рәсімдей алады.

Бұл бағдарламаның басты ерекшелігі – сіздің алғашқы жарнаңыз (ол кем дегенде үй құнының 30%-ын құрауы керек) банктің «Копилка» депозитінде жылдық 7%-бен сақталып тұрады. Ай сайын төлем жасағанда, ол ақшаның бір бөлігі несиені өтеуге, ал екінші бөлігі осы депозитті толтыруға жұмсалады.

Депозиттегі ақша үй бағасының жартысына (50%-ға) жеткенше, сізге 14,5%-дық аралық заем беріледі. Бұл кезеңде пайыздар үйдің толық құнына есептеледі. Ал депозитте 50% жиналған сәтте, ақша несиенің жартысын жабуға бағытталады да, пайыздық мөлшердеме 10%-ға дейін төмендейді. Содан кейін пайыздар тек қалған қарыз сомасына ғана есептелед. Алғашқы жарнаңыз неғұрлым жоғары болса, несие пайызы соғұрлым төмен болады.

Тұтынушылар BI Group компаниясы салып жатқан кез келген нысаннан үй таңдай алады. Соның ішінде құрылысы аяқталған үйлерді де, үлестік қатысу шарты (ДДУ) бойынша әлі салынып жатқан пәтерлерді де сатып алуға рұқсат бар.

Нұрбанк

Бұған дейін Нұрбанк те тұрғын үй жинақтарына қосылу мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеген. Қаржы ұйымы 2026 жылы арнайы жинақ шотын ашып, ипотекалық өнім әзірлеуді жоспарлап отыр.

Алайда қаржы ұйымының сайтында жинақ жүйесіне байланысты бағдарламаның шарттары жарияланбаған.

Сондай-ақ оқыңыз