
Қазақстан Ұлттық банкінің алтын резерві 2026 жылдың маусымында айтарлықтай азайғанымен, халықаралық резервтердің негізгі бөлігін әлі де монетарлық алтын құрайды. Ұлттық банк дерегіне сәйкес, маусымның соңында алтын резервінің ақшалай құны 47,57 млрд доллар болды. Бұл мамырмен салыстырғанда 4,98 млрд долларға немесе 9,5%-ға төмен.
Соның салдарынан Қазақстанның жалпы халықаралық резервтері бір айда 67,35 млрд доллардан 62,17 млрд долларға дейін, яғни 7,7%-ға қысқарды. Бұл төмендеудің басым бөлігі алтын резервін қайта бағалаумен байланысты.
Алтын бағасының төмендеуі резервке қалай әсер етті?
Маусымда Қазақстанның физикалық алтын қоры күрт азайды деуге негіз жоқ. Керісінше, World Gold Council мәліметі бойынша, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Ұлттық банк алтын қорына 12 тонна қосты. Наурыздың соңында Қазақстанның алтын қоры шамамен 353,6 тоннаға жеткен.
Маусымдағы резервтің доллармен есептелген құнының төмендеуін, негізінен, әлемдік алтын бағасының құлдырауымен түсіндіруге болады. 2026 жылдың маусымында алтынның спот бағасы шамамен 11,7%-ға арзандаған. Қазақстанның монетарлық алтынының құны осы кезеңде 9,5%-ға төмендеді. Демек, резервтегі құлдыраудың негізгі факторы алтынды сату емес, оның нарықтық бағасының төмендеуі болды
Резервтің төрттен үш бөлігі — алтын
2026 жылдың маусымындағы жалпы халықаралық резервтердің құрылымы:
Осылайша, алтын халықаралық резервтердің 76,5%-ын құрайды. Мамырда оның үлесі шамамен 78%-ға жеткен еді.
Бұл Қазақстан резервтерінің әлемдік алтын бағасына өте тәуелді екенін білдіреді. Алтын қымбаттаса, Ұлттық банктің резерві ешқандай жаңа сатып алусыз-ақ доллармен есептегенде өседі. Ал баға төмендесе, физикалық алтын көлемі өзгермесе де, резервтің жалпы құны азаяды.
Мысалы, 2025 жылдың ішінде монетарлық алтынның құны 25,84 млрд доллардан 47,24 млрд долларға дейін өсіп, шамамен 83%-ға артқан. Ал ресми статистикадағы жыл басынан бергі өсім, желтоқсандық базаға байланысты, 98%-ға жуық деп көрсетілген. Мұнда Ұлттық банктің алтын сатып алуы ғана емес, әлемдік алтын бағасының рекордтық өсуі де шешуші рөл атқарды.
Тағы да оқыңыз: Ұлттық банк парламенттің 30 жылдығына арналған күміс монетаны сатуға шығарды.