AMANAT-тан «Әділетке»: жаңа партияның тізіміне енген депутаттар кімдер

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Әділет партясына өткен АМАНАТ депутаттары / фото: Нұрсұлтан Ерболатұлы

Бүгін, 10 шілдеде, «Әділет» партиясының Құрылтай депутаттығына ұсынған кандидаттарының тізімі жарияланды. Партия Астанада өткен кезектен тыс III съезде 186 кандидаттан тұратын сайлау тізімін бекітті. Олардың арасында бұған дейін AMANAT партиясының атынан Мәжілісте отырған бірқатар депутат бар.

AMANAT партиясының тізімі бойынша VIII шақырылым Мәжілісіне өткен депутаттардың ішінен «Әділет» тізіміне мыналар енді:

Мұрат Әбенов, Константин Авершин, Тілектес Адамбеков, Асхат Аймағамбетов, Жанарбек Әшімжанов, Марат Башимов, Снежанна Имашева, Юлия Кучинская, Сергей Пономарёв, Максим Рожин, Татьяна Савельева, Ерлан Саиров, Айдос Сарым, Екатерина Смышляева, Үнзила Шапақ және Никита Шаталов.

Бұдан бөлек, «Әділет» партиясының тізіміне 2023 жылы бірмандатты округтер арқылы Мәжіліске сайланған екі депутат кірді.

Жарқынбек Амантайұлы Павлодар облысындағы бірмандатты округтен депутат болып сайланған. Кейін Мәжілісте AMANAT партиясының фракциясы құрамында жұмыс істеді. Арман Қалықов Қарағанды облысындағы №19 бірмандатты округтен сайланған және оның кандидатурасын AMANAT партиясы ұсынған.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың мәліметінше, «Әділет» партиясының тізімінде қазіргі депутаттармен қатар, Мәжілістің VII шақырылымында AMANAT немесе бұрынғы Nur Otan атынан депутат болған саясаткерлер де бар.

Олардың қатарында қазіргі Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бар. Ол Мәжілістің VII және VIII шақырылымдарында AMANAT партиясының атынан депутат болды. 2025 жылдың қыркүйегінде министр болып тағайындалуына байланысты депутаттық өкілеттігін тоқтатты.

Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева да «Әділет» партиясының тізіміне енді. Ол 2021–2023 жылдары Мәжілістің VII шақырылымында депутат болды. Сондай-ақ 2023 жылғы сайлауда AMANAT партиясының кандидаттар тізімінде болған.

Осылайша, «Әділет» партиясының жаңа тізімінен AMANAT-тың қазіргі депутаттарын ғана емес, партиямен бұрыннан байланысты болған экс-депутаттар мен мемлекеттік қызметшілерді де көруге болады. Бұл AMANAT партиясының «Әділетке» қосылуынан кейін екі саяси ұйымның кадрлық құрамының да біріге бастағанын көрсетеді.

Сондай-ақ оқыңыз