Аптап ыстық: Шымкент-Өзбекстан тасжолында бетон жарылып жатыр

Түркістан облысында күннің +40 °C-қа дейін ысуына байланысты республикалық маңызы бар «Шымкент – Өзбекстан шекарасы» автожолында профилактикалық жұмыстар басталды.
Не болды?
10 шілдеде жолды патрульдеу барысында мамандар тасжолдың 750-шақырымындағы цемент-бетон жабынынан ақау тапты. Күннің қатты ысуы жолдың сапасына әсер еткен.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін сақтау үшін бұл учаскеге шұғыл түрде уақытша жол белгілері қойылып, жөндеу жұмыстары іске қосылды. Қазіргі уақытта ақауды жоюға 6 маман мен 5 арнайы техника жұмылдырылған.
Жол қызметі аталған бағыттағы жүргізушілерден жылдамдық режимін және уақытша белгілердің талаптарын қатаң сақтап, аса мұқият болуды сұрайды.
Қазіргі уақытта өңірдегі цемент-бетон төселген барлық жолдар күшейтілген режимде тексеріліп жатыр.
Айта кетейік, осыған дейін жаздың ең ыстық аптасы келе жатқаны туралы жазған едік.