Бағдат Мусин Құрылтай депутаты бола ма

«Әділет» партиясы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында съезд өткізіп, Құрылтай сайлауына түсетін үміткерлер тізімін бекітті. Олардың қатарында «Қазақтелеком» АҚ басқарма басшысы Бағдат Мусин, «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұров бар. Тілшілер жиыннан кейін өткен брифингте Мусин мен Бектұровтан депутат болу ойы бар-жоғын білді.
Бағдат Мусин бірден депутат болу туралы жоспары жоқ екенін айтты.
«Қазір бізде сайлауалды бәсекесінің бірінші деңгейі, ары қарай сайлау өтеді. Ал тізім партияның соңғы шешімі емес, тек тізім ғана. Кімнің депутаттыққа сайланатыны сол тізімінен таңдалады. Әлбетте, партия ішінде тиісті талқылау болады. Бірақ менің ондай жоспарым жоқ», – деді «Қазақтелеком» басшысы.
Ренат Бектұров та Құрылтай депутаты болуға асығар емес.
«Ол үшін бірнеше шарт бар. Алдымен сайлау өтіп, партия мені депутаттар тізіміне қосуы керек. Одан бөлек мені президент жарлығымен тағайындағандықтан мемлекет басшысы қызметімнен босатуы керек. Осы үш фактордың әсері бар. Бірақ қазір мендегі басты фокус – халықаралық «Астана» қаржы орталығын дамыту, осы қызметімді орындауды жалғастыра беремін», – деді Бектұров.
«Әділет» партиясы бекіткен тізімде 186 адам бар. Олардың жиырмасы – AMANAT партиясының атынан Мәжілісте отырған депутаттар. Бишімбаев ісіндегі прокурор Айжан Аймағанова да Құрылтай мүшесі болуға ұсынылған.
Бірақ мәжілісте белсенді көзге түскен Бақытжан Базарбек, Абзал Құспан тәрізді депутаттар тізімнен көрінбеді. Ермұрат Бапи де «Әділетке» шақыру алмағанын айтты.