Баум тоғайында үстіне ағаш құлаған 19 жасар бойжеткен қайтыс болды

Алматыдағы Баум тоғайында үстіне ағаш құлаған 19 жасар қала тұрғыны ауруханада көз жұмды. Бойжеткеннің қайтыс болғаны туралы оның әпкесі хабарлады.
№4 қалалық аурухана емдік-диагностикалық шаралардың толық кешені жасалғанына қарамастан, 14-ші күні емделушінің жүрегі тоқтап қалғанын хабарлады. Реанимациялық шаралар көмектеспеді.

Қайғылы жағдай 27 маусымда күндіз болған. Марқұмның жақындарының айтуынша, ол отбасымен бірге серуендеп жүргенде үстіне үлкен құрғақ ағаш құлаған. Оқиға болған сәтте қатты жел де, жаңбыр да болмаған.
Бойжеткен өте ауыр жарақаттар алып, комада жатқан еді.
Алматы әкімдігі сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталғанын хабарлаған.
Айта кетейік, осыған дейін Алматы облысында автокөліктің үстіне ағаш құлап, әйел адам қаза тапқанын жазған едік.