Германиядағы аптап ыстықтан 5 мыңнан аса адам қайтыс болды

Германияда маусым айында тіркелген аптап ыстықтан 5 мыңнан астам адам қайтыс болды. Роберт Кох атындағы институт осындай тұжырым жасады деп жазады DW.
Институт есебі бойынша, маусым айының соңғы аптасының өзінде 4,3 мыңнан астам адам қайтыс болған. Ғалымдар ыстықтан келген нақты зардап бұдан да ауыр болуы мүмкін екенін айтады.
Мәселен Германияның Федералдық статистикалық ведомствосы маусымның 22-сі мен 28-і аралығындағы өлім-жітім көрсеткіші қалыпты жағдайдан 6,8 мың жағдайға асып кеткенін мәлімдеді. Яғни ауа райы қалыпты болған уақытпен салыстырғанда бір аптаның ішінде қайтыс болғандар бірнеше мыңға көп.
Сарапшылардың түсіндіруінше, жоғары температураның адам өліміне тікелей себеп болмайды. Көбінде аптап ыстық адамның созылмалы ауруларын асқындырып жібереді, соның салдарынан адам өлімі жиілейді.
Маусымның соңғы аптасында Германияда ауа температурасы рекордтық көрсеткішке жетті. Кей аймақтарда аптап ыстық 41 градустан асып кеткен. Оңтүстік Еуропа елдері үшін мұндай көрсеткіш қалыпты жағдай саналғанымен, Германия үшін бұрын-соңды болмаған төтенше құбылыс болды.
Осындай жағдай Францияда да байқалды. Парижде аптап ыстықтан бір тәулікте 109 адам қайтыс болды. Кей аумағында қалың өрт шығып, үш мыңға жуық адам эвакуацияланды.