Оңтүстікте 45 градусқа дейін аптап ыстық болады

10 шілдеде елдің кейбір аймақтарында найзағай ойнап, екпінді жел соқса, басқа өңірлерде 45 градусқа дейін аптап ыстық болып, өрт қаупі жоғарылайды.
Синоптиктердің болжамынша, елдің батыс, солтүстік-батыс аудандарында, оңтүстік-шығысының таулы аймақтарында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Түнде батыста нөсер жаңбыр жауып, кей жерлерде дауыл тұрып, бұршақ жаууы мүмкін.
Күндіз Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Алматы облыстарында, Жетісу және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Абай мен Қарағанды облыстарының кей жерлерінде ауа температурасы +35…+38 градусқа дейін көтеріледі.
Жамбыл облысында бұдан да ыстық болып, сынап бағаны +38…+40 градусты көрсетеді. Ал Түркістан және Қызылорда облыстарында аптап ыстық +42 градусқа дейін жетеді.
Күндіз Маңғыстау облысында 43-45 градус, Қызылорда облысының оңтүстігінде 45 градус аптап ыстық күтіледі. Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола облыстарының оңтүстігінде, Ұлытау облысының оңтүстігінде және Жетісу облысының солтүстігінде ауа температурасы 40-41 градусқа дейін жетіп, аптап ыстық болады.
Осыған байланысты Түркістан, Қызылорда облыстарында, Атыраудың батысында, Павлодарда, Батыс Қазақстанның оңтүстік-батысында, Ақтөбенің оңтүстігі мен шығысында, Шығыс Қазақстан облысында және Жамбыл облысының шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.