Қайрат Сатыбалды қайтарған Kaisar Plaza өз бағасына да өтпеді

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Қайрат Сатыбалды қайтарған Kaisar Plaza ғимараты
Ғимараттың тоғызыншы қабатында мейрамхана орналасқан / фото: Facebook/Kaisar Plaza

Алматы қаласының орталығында орналасқан Kaisar Plaza бизнес орталығы аукционда тағы сатылмай қалды. Қайрат Сатыбалды қайтарған активті ешкім өз бағасына да сатып алғысы келмейді.

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» (KUVA) тоғыз қабаттан тұратын Kaisar Plaza ғимаратын тағы да Sauda порталы арқылы аукционға шығарған. Алайда 10 шілде түскі сағат 12:00-ге жарияланған электронды саудаға ешкім қатысқан жоқ. Аукцион өтініш түспеуіне байланысты «өтпеді» деп жарияланды.

KUVA жалпы ауданы 63,9 мың шаршы метрден тұратын ғимаратты өз бағасына – 47,3 млрд теңгеге өткізуге талпынған. Айта кетейік, қайтарылған активтерді басқаратын компания Kaisar Plaza-ны бірінші мәрте 61,5 млрд теңгеге, содан кейін 54,4 млрд теңгеге сатпақ болған. Ешкімді қызықтыра алмаған KUVA осы жолы бағалаушылар анықтаған соманы бастапқы баға ретінде белгілеген.

Sauda порталындағы мәліметке қарағанда, ғимараттағы кеңселер мен сауда нүктелеріне арналған орындарды 53 субъект түрлі мерзімге жалға алып отыр. Ол Желтоқсан және Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысында орналасқан.

Істі болған кәсіпкер Қайрат Сатыбалды бизнес орталықты 2024 жылғы жазда мемлекет меншігіне өткізген. Сол кезде билік экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі мемлекетке 1,6 млрд доллар қайтарғаны туралы есеп берген. Ал 2025 жылғы ақпанда Kaisar Plaza қайтарылған активтерді басқаратын компанияға өткен.

Айта кетейік, KUVA жылжымайтын мүліктерді ғана емес, Ескі Қазақстанның ықпалды шенеуніктері мен кәсіпкерлері қайтарған зергерлік бұйымдарды да арзан бағаға өткізе алмай отыр.

Сондай-ақ оқыңыз