
Қазақстан әлемдегі ең ірі уран өндіруші ел болып қала береді. Алайда елдегі барлық кеніштерді тек Қазатомөнеркәсіп қана игермейді. Metals & ESG мәліметінше Қазақстандағы уран өндірісінің едәуір бөлігі халықаралық бірлескен кәсіпорындар арқылы жүзеге асады. Сондықтан өндірілген уран көлемі әртүрлі елдердің компаниялары арасында бөлінеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда шамамен 25,8 мың тонна уран өндірілді. Соның ішінде 13,6 мың тоннасы немесе 52,8%-ы Қазатомөнеркәсіптің үлесіне тиесілі. Қалған өндіріс Ресей, Қытай, Франция, Канада және Жапония компаниялары қатысатын бірлескен жобалар арасында бөлінген.
Қазақстан уранын өндірудегі үлестер
2025 жыл қорытындысы бойынша жалпы өндіріс — 25 839 тонна
Ресей мен Қытайдың үлесі неге жоғары?
Қазақстандағы көптеген кен орындары шетелдік серіктестермен бірге игеріледі. Мысалы, Ресейдің Росатом құрылымдары бірнеше бірлескен кәсіпорында үлеске ие. Қытайлық компаниялар да соңғы жылдары Қазақстандағы уран жобаларына белсенді инвестиция салып келеді.
Сонымен қатар канадалық Cameco, француздық Orano және жапониялық консорциумдар да бірқатар кен орындарының акционерлері саналады. Мұндай модель Қазақстанға инвестиция тартып, өндірісті кеңейтуге мүмкіндік береді.
Қазатомөнеркәсіптің әлемдік рөлі
Қазатомөнеркәсіп әлемдегі ең ірі табиғи уран өндіруші мәртебесін сақтап отыр. Компанияның өзіне тиесілі өндірісі әлемдік бастапқы уран өндірісінің шамамен 20%-ын құрайды. Ал Қазақстандағы барлық уран өндіретін кәсіпорындарды қамтитын холдингтің өндірісі жаһандық өндірістің шамамен 39%-ына тең.
Тағы да оқыңыз: Салық төлеуші ең ірі 50 компания ішінде ҚазАтомөнеркәсіптің бірнеше компаняисы бар.