Аптап ыстықтан елдегі ормандар өртеніп жатыр

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
орман өрті
фото: shutterstock

10 шілдеде мемлекеттік орман қоры аумағында бірден бес орман өрті тіркелді. Өрт еліміздің бірнеше өңірінде тұтанды.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, бір өрт Қостанай облысында, біреуі Павлодар облысында, одан бөлек «Қатонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты және «Жасыл Аймақ» РМК аумағында тіркелген.

Барлық өрт авиациялық патрульдеу кезінде және орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің көмегімен дер кезінде байқалды. Мемлекеттік орман күзеті қызметкерлері мен авиациялық өртке қарсы қызмет мамандары өртті сөндіруге бірден кірісті.Арнайы техника мен тікұшақты жұмылдырудың арқасында барлық өрт толық жойылып, тілсіз жаудың таралу қаупі сейілді деп хабарлайды құтқарушылар.

Құтқарушылардың түсіндіруінше, орман өрті ыстық ауа райынан шыққан. Мамандар табиғатта демалу кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға және орман аймақтарында өртке жол бермеуге шақырады.

Жақында ғана найзағадан «Семей орманы» екі рет өртенгенін жазған едік. Резерват аумағында соңғы күндері найзағайлы фронттардың жиілеуіне байланысты орман өртінің қаупі әлі де жоғары болып тұр.

Сондай-ақ оқыңыз