Археологиялық сенсация: Қазақ ғалымдары неолит дәуіріндегі жерлеу орындарын тапты

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің ғалымдары Әулиекөл ауданында археологиялық зерттеу жүргізіп, үш қорым тапты. Олар б.з.д. VII-V мыңжылдықтарға жататын неолит дәуіріне тиесілі. Мамандар болжамынша, бұл олжа ел аумағындағы тас дәуірі археологиясын зерттеу үшін маңызды ғылыми дерек болып саналады.
Бір баланың және ересек екі адам жерленген орын ежелгі тұрғын үйлердің едені астынан табылған. Мұндай олжа неолит дәуірінің археологиялық ескерткіштері арасында өте сирек кездеседі. Тұрғын үйдің едені астына жерлеу ежелгі кезеңде Орталық Азия мен оған іргелес өңірлердегі бірқатар мәдениеттерге тән болған.
Экспедицияның тағы бір маңызды нәтижесі – маханжар мәдениетіне тән ежелгі тұрғын үйлердің зерттелуі. Бұған дейін археологтар негізінен көне тұрақтарды зерттеп келген болса, Шилі ескерткішінен осы мәдениетке тән жартылай жертөле үлгісіндегі тұрғын үйлер алғаш рет анықталды.
Табылған қорымдарға антропологиялық сараптама, радиокөміртектік мерзімдеу және кешенді зертханалық талдаулар жүргізіледі. Олардың нәтижелері табылған жерлеу орындарының нақты мерзімін айқындалады.
Зерттеу жұмыстары Ғылым және жоғары білім министрлігінің гранттық қаржыландыруы нәтижесінде орындалып жатыр.Экспедицияны Археологиялық зертхананың меңгерушісі Андрей Логвин басқарады.
Тағы да оқыңыз: Маңғыстауда Қарақабақ қалашығы орнынан VI ғасырдың жәдігері табылды