Жетісай ауданында заңсыз жұмыс істеген шетелдіктер анықталды

Түркістан облысы, Жетісай ауданының прокуратурасы көші-қон заңнамасының сақталуын қадағалау үшін тексеріс жүргізді.
Нәтижесінде шетел азаматтарының ел аумағында тиісті тіркеусіз жүргені және заңсыз шетелдік жұмыс күшін тарту фактілері анықталды. Заң талаптарын бұзған 181 тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылып, оларға айыппұл салынды. Мемлекет кірісіне 2,8 млн теңге көлемінде қаржы өндірілді.
Жетісай ауданының шекаралық аймақ мәртебесі бар екенін ескерсек, бұл аумақта көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету – өте маңызды міндет. Сондықтан бұл мәселе аудан прокуратурасының тұрақты әрі жіті бақылауында тұр.
Аудандық прокуратура азаматтар мен жұмыс берушілерді көші-қон заңнамасының талаптарын бұлжытпай орындауға шақырады.
Бұған дейін Бас прокуратураның мигранттарға ақша үшін құжат рәсімдеуге көмектескен қылмыстық топтың бетін ашқанын жазған едік. Ведомствоның дерегінше, олар Орталық Азия елдерінің 5 мың азаматына жұмыс тауып беріп, уақытша тіркеуге тұрғызғаны үшін сыйақы алған.
.