Алматы полициясы Сайранда балағат сөз айтқан әншілерді іздеп жатыр

Жарияланды 13 Шілде 2026 18:29

Ақниет Төленді

Ақниет Төленді

General news бөлімінің журналисі a.tolendi@kursiv.media
Елена Чечнева

Елена Чечнева

LifeStyle бөлімінің журналист e.chechneva@kursiv.media
Алматы полициясы Сайранда балағат сөз айтқан әншілерді іздеп жатыр / Фото: Shutterstock

Әлеуметтік желілерде Сайранда өнер көрсететін әншілердің микрофонға балағат сөздер айтып, айқайлап жатқан видеосы пайда болды. Қала тұрғындары пікірлерде полициядан бұған шара қолдануды сұрады.

Елена есімді желі қолданушысы Threads платформасына Сайрандағы әншілердің өзара есеп айырысып жатқан видеосын жүктеген. Олар қарсыластары туралы не ойлайтынының бәрін микрофонға балағат сөздермен айқайлап жеткізген. Ал ер адам мен әйел өздерін телефонға түсіріп жатқанын көргенде, Еленаға қарай беттеп, түсірілімді тоқтатуды талап еткен.

«Сайран. Кеш батты. Әр 100 метр сайын музыка, музыка, музыка. Ол әртүрлі, араласып естіледі, нәтижесінде жай ғана хаос тудырады. Ешқандай демалыс жоқ. Оның үстіне мынадай сорақылар келіп, жұрттың көзінше микрофонға балағат сөздер айтады. Меңіңше, Сайранда мұндай әрекетке тыйым салу керек. Немесе белгілі бір мөлшерде ғана рұқсат беру қажет. Және олардың колонкаларының дыбысын азайту керек», – дейді алматылық әйел сеніммен.

Пікірлерде желі қолданушылары бойжеткенді қолдап, талқылауға полиция мен әкімдікті тартты. Алматы қалалық Полиция департаменті Kursiv-ке хабарлағандай, полиция әлеуметтік желідегі жазба бойынша тексеруді бастап кеткен.

«Видеода бейнеленген азаматтардың кім екенін анықтау бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Олар анықталғаннан кейін әрқайсысының іс-әрекетіне Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметінен.

Полиция сонымен қатар қоғамдық орындарда балағат сөздер айтуға жол берілмейтінін және әншілердің жауапкершілікке тартылатынына сендірді.

Сондай-ақ оқыңыз