Daryn.online 4 млн пайдаланушының жеке дерегі тарағаны туралы ақпаратты жоққа шығарды

Daryn.online білім беру платформасы қолданушыларының дербес деректерінің тарап кетуі туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Мәліметтер нақты деректерге сәйкес келмейді
Компания өкілдері 4,2 миллион пайдаланушының деректеріне нұқсан келгені туралы қауесеттің ешқандай негізі жоқ екенін мәлімдеді. Қазіргі уақытта платформада арнайы мамандардың қатысуымен жан-жақты техникалық аудит жүргізіліп жатыр.
«Аудит аяқталғанға дейін жарияланды делінген деректер базасының көлемі, құрамы немесе шығу тегі туралы кез келген мәлімдеме шындыққа жанаспайды әрі нақты дәлелдермен расталмаған болжам», – деп атап өтті платформа әкімшілігі.
Тексеру жұмыстары толық аяқталғаннан кейін компания бұл мәселеге қатысты ресми әрі нақты қорытындыны жариялауға уәде берді.
Қауіпсіздік жүйесі ҰҚК тексеруінен өткен
Daryn.online үшін пайдаланушылардың жеке мәліметтерін қорғау – басты басымдық екенін атап өтті. Осы мақсатта ақпараттық инфрақұрылымды қорғаудың ұйымдастырушылық және техникалық шараларының кешені тұрақты түрде қолданылады.
Платформаның қауіпсіздік деңгейі жоғары екенін мына фактілер растайды:
- 2025 жылы Daryn.online ақпараттық жүйелері кешенді тексеруден өтті;
- Тексеруді Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) мен уәкілетті мемлекеттік органдар жүргізді;
- Соңғы тексеріс қорытындысы бойынша компанияда қолданылатын ақпараттық қауіпсіздік шараларының барлық заңнамалық талаптарға толық сәйкестігі ресми түрде расталған.
Айта кетейік, осыған дейін Daryn Online платформасының 4,2 млн қолданушысының дербес дерегі тарап кетуі мүмкін деген ақпаратты Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі тексеріп жатқаны туралы жазған едік.