Lifestyle

Энрике Иглесиас қазақстандық суретшінің ерекше сыйлығын желіде бөлісті

Screenshot

Әлемдік поп-музыка жұлдызы Энрике Иглесиас өзінің Facebook және X желісінде қазақстандық белгілі суретші әрі блогер Әсел Сабыржанқызының видеосын жариялады. Әнші миллиондаған аудиториясы бар аккаунттарында бұл жазбаны бөлісіп, «See you soon Kazakhstan» («Жақын арада кездескенше, Қазақстан») деп жазба қалдырды.

Айта кетейік, Энрике Иглесиастың Facebook парақшасына 49 миллион, ал X желісінде 10,9 миллионнан астам адам жазылған.

Кілемге салынған портрет

Суретші ерекше туындыларын кенепке емес кілемге салады. Оның желіде тараған жаңа бейнеролигіне әншінің әйгілі «Ring My Bells» хит әні фондық музыка ретінде пайдаланылған.

Видео желісі бойынша, қыз өзінің шығармашылыққа деген құштарлығын қолдамайтын күйеуімен ренжісіп қалып, ғимараттың төбесіне шығады. Онда аэрозольді бояулар мен кілемді қолдана отырып, Энрике Иглесиастың үлкен көлемдегі ерекше портретін салып шығады. Суретші қыз бұл туындыны әлемдік жұлдыздың өзі көрсе екен деген үмітпен, оқырмандарынан аңыз әншіні белгілеп кетуді сұраған.

Қазақстандықтардың белсенділігі мен суретшінің еңбегі екі күнге жетпей өз жемісін берді. Әнші бұл креативті жұмысты бірден байқап, өз парақшаларына репост жасады.

Энрике Иглесиас – әлемдік поп-музыка тарихындағы ең табысты орындаушылардың бірі. Billboard нұсқасы бойынша ең танымал латынамерикалық әнші ретінде танылған. Өз мансабында әртіс 180 миллионнан астам музыкалық релиз көшірмесін сатқан.

Осы күзде әлемдік жұлдыз Қазақстанда алғаш рет өзінің жеке концерттік бағдарламасымен өнер көрсетеді. Ауқымды шоу 3 қыркүйек Астанада және 5 қыркүйекте Алматыда өтеді.

Концерт билеттері Freedom SuperApp және Ticketon.kz платформаларында ресми түрде сатылымға шыққан.