Еуропада аптап ыстықтан 10 мыңнан астам адам қайтыс болды

Еуропа елдерінде аптап ыстықтың кесірінен 10 мыңнан астам адам көз жұмды. Қайтыс болғандардың көбі 65 жастан асқан қарт адамдар деп жазады DW.
EuroMOMO өлім-жітім мониторинг агенттігі Еуропаның 27 елінің статистикасын қорытындылаған. Маусымның соңғы аптасында өлім-жітімнің ең жоғары көрсеткіштері Франция мен Бельгияда тіркелді.
Роберт Кох атындағы институтының деректері бойынша, маусым айының соңына қарай Германияда аптап ыстықтан 5100-ге жуық адам қайтыс болған. Өлім-жітімнің 80%-дан астамы 75 жастан асқан тұрғындар арасында тіркелді.
Ұлыбританияда жүргізілген тағы бір зерттеуге сәйкес, Англия мен Уэльсте маусымның соңындағы аптап ыстықтан 2700-ге жуық адам қайтыс болған. Аптап ыстық Еуропаның 12 ірі қаласында 2300 адамның өліміне әкеп соқты. Ең көп өлім Милан, Париж және Барселона қалаларында тіркелді.
Маусым айының соңынан бастап Еуропа елдерінің тұрғындары аптап ыстықтың зардабын шегуде. Бұл ай Еуропа тарихындағы ең ыстық кезеңдердің бірі болды.
Сонымен қатар аптап ыстықтан кейін Еуропаның бірнеше елінде орман өрттері көбейді.