Нұрай Серікбайдың отбасы соттың тікелей эфирде көрсетілуін талап етпек
Жарияланды

Шымкентте қайтыс болған Нұрай Серікбайдың ісі сотқа жолданды. Бұл туралы жәбірленуші отбасының адвокаты Аянхан Омаров мәлімдеді.
Сөзінше, прокурор қылмыстық істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолдады.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, ендігі кезеңде іс сотта мәні бойынша қаралады. Істің жан-жақты, толық әрі объективті қаралуы үшін заңда көзделген барлық шара қабылданады. Оған қоса, істің тікелей эфирде өткізілуін талап етеміз», – деп жазды адвокат.
Нұрай Серікбайдың қазасы
Шымкентте 2026 жылдың 11 қаңтары кешке 21 жастағы Нұрай Серікбайды танысы пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Күдікті арада екі күн өткенде ұсталды.
Оған Қылмыстық кодекстің бірнеше бабы бойынша айып тағылған. Олар:
- 125-1-бап – «некеге тұруға мәжбүрлеу»;
- 115-1-бап – «сталкинг»;
- 99-баптың 2-бөлігі 5-тармағы – «аса қатыгездікпен адам өлтіру».