Қарлығаш Жаманқұлова «Әділ сөз» қоры президенті қызметінен кетті

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
Қарлығаш Жаманқұлова
фото: Ақорда

Қарлығаш Жаманқұлова Халықаралық сөз бостандығын қорғау «Әділ сөз» қоры президенті қызметінен кетті. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Бүгін мен құрылтайшылар жиналысына Халықаралық сөз бостандығын қорғау «Әділ сөз» қоры президенті өкілеттігін тоқтату, сондай-ақ Құрылтай сайлауына кандидат ретінде ұсынылуыма байланысты рөлдер қақтығысының туындауына жол бермеу мақсатында құрылтайшылар құрамынан шығу туралы өтінішімді жолдадым», – деді ол.

Жаманқұлова қор жұмысына студент кезінен араласқанын айтады. Кейін халықаралық ұйымдарда жұмыс істегенде қор жобаларына қолдау көрсетіп жүрген. Ол «Әділ сөзде» жұмыс істеген уақытын тұтас бір дәуірге теңеді.

«Бұл уақыт еліміздің медиа кеңістігіне, оның күшті тұстарына, сын-қатерлеріне және күн сайын өз ісін адал әрі кәсіби атқарып жүрген адамдарға жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Әрине, оңай болған жоқ. Шаршаған, күмәнданған, эмоциялық тұрғыдан ауыр сәттер де болды. Бірақ көпшілікке көрінген де, өзіміз ғана білетін де үлкенді-кішілі ортақ жетістіктердің қуанышы әлдеқайда басым еді», – деп жазды Жаманқұлова.

Жаңа басшы кім болатыны белгісіз, алдағы уақытта құрылтайшылар қорында сайлануы керек.

Бұл қызметке Қарлығаш Жаманқұлова 2022 жылы сайланған. Ал 10 шілдеде «Әділет» партиясы атынан Құрылтай сайлауына түсетін кандидаттар тізіміне енді.

Сондай-ақ оқыңыз