Қазақстан құрамасы физикадан өткен халықаралық олимпиада да бес алтын алды

Жарияланды
General news бөлімінің редакторы
фото: Ілия Мыңжасаров

Қазақстан құрамасы Колумбияда өткен 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында (International Physics Olympiad, IPhO) тарихи жетістікке қол жеткізді. Ұлттық құраманың барлық бес қатысушысы да алтын медаль иеленді. Сүйінші жаңалықты экс-депутат Асхат Аймағамбетов парақшасында жазып, оқушыларды құттықтады.

«Бес оқушы. Бес алтын. Балаларымыз әлемнің ең үздік жас физиктерінің қатарында!Осындай жеңімпаздарды, ата-аналарын, ұстаздарын телеканалдарға, подкасттарға, сұхбаттарға жиі шақыру керек. Олар–бүгінгі күннің қаһармандары», – деп жазды ол.

Алтын медаль иегерлері – Астана және Алматы қаласының 11-12 сынып оқушылары. Олар: Әмірбек Азатбеков (Нұра ауданындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 12-сынып оқушысы), Роман Черемнов (Нұра ауданындағы физика-математика бағытындағы NIS-тің 11-сынып оқушысы), Нұргүл Егенбергенова (NURORDA мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы), Илияс Қазымбек (Spectrum International School мектебінің 12-сынып оқушысы), Дамир Құрман («Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы)

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, IPhO – әлемдегі ең беделді интеллектуалды жарыстардың бірі. Ол шілденің 4-і мен 12-і аралығында өтіп, 90 елден 400-ден астам ең мықты жас физиктердің басын қосты. Олимпиада аясында қатысушылар теориялық және эксперименталдық турлардан өтіп, күрделі физикалық есептерді шығарды және зертханалық жұмыстарды орындады.

Ұлттық құраманың жетекшілері: Самат Мақсұтов (PhD докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аға оқытушысы) және Әлішер Еркебаев (халықаралық физика олимпиадаларының жүлдегері).

Жалпы 2025-2026 оқу жылында халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстарға 5 052 оқушы қатысқан. Олар 37 олимпиада мен ғылыми конкурсқа қатысып, 1 026 медаль жеңіп алды.

Сондай-ақ оқыңыз