«ҚазТАГ» «Фридом Финанспен» медиативті келісім жобасымен танысуға уақыт беруді сұрады

Алматының Алмалы аудандық сотында «ҚазТАГ» ақпарат агенттігі мен «Фридом Финанс» ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бұған дейін тараптар медиативті келісімге келу мәселесін көтерген. 13 шілдедегі сот отырысында «ҚазТАГ» бас редакторы Әмір Қасенов медиативті келісім мәтінімен танысу үшін уақыт сұрады.
Қылмыстық істі қарап жатқан судья Ернар Қасымбеков тараптарға түскі үзіліс кезінде және сағат 15:00-ге дейін құжаттармен танысуға уақыт берді.
Жәбірленуші «Фридом Финанс» өкілдерінің бірі Назерке Ризабекованың айтуынша, Қасеновтің адвокаттары медиативті келісім жобасын 8 шілдеде алған. Сөзінше, адвокаттар құжатпен танысып, қажет деп тапқан жағдайда өз ұсыныстарын енгізе алады.
Ал сотталушы Әмір Қасеновтің төрт күн ішінде медиативті келісім жобасын не себепті алмағаны белгісіз.
Айта кетейік, 7 шілдедегі сот отырысында «ҚазТАГ» бас директоры Әсет Матаевтың адвокаты Рена Керимова іс бойынша «Фридом Финанс» компаниясымен медиативті келісім жасасу туралы өтінішхат білдірді. Бұл өтінішхатты Әсет Матаев пен «ҚазТАГ» бас редакторы Әмір Қасенов те қолдады.
Ал «Фридом Финанс» 6 маусымда ресми сайтында медиация арқылы «ҚазТАГ-қа» қарсы талап арызын қайтарып алуға дайын екенін мәлімдеген.
«ҚазТАГ» ХАА бас редакторы Әмір Касенов пен Астана тұрғыны Жанна Қапарова жалған ақпарат таратты деп айыпталып отыр. Ал агенттіктің бас директоры Әсет Матаев бұзақылық және қызметтік міндеттеріне адал қарамау баптары бойынша сотқа тартылған.