
Қазақстанда кем дегенде 40 рет қан тапсырған адам «Құрметті донор» төсбелгісіне ие болуы мүмкін. Үкімет осындай қаулы қабылдады.
Денсаулық сақтау министрлігі арнайы тағайындалған төсбелгіні кімдер алатынын түсіндірді. Алғаш рет мұндай марапатқа 481 адам ие болатыны да хабарланды.
«Қан немесе тромбоцит донорлығы – кемінде 40 рет, қан плазмасының донорлығы – кемінде 70 рет», – делінген ресми мәліметте.
Министрлік донорларға арнайы марапаттың тағайындалуын «тарихи әділдік» деп атады.
«Енді олардың игі ісі ерекше мәртебемен айқындалып, жоғары бағаланып отыр», – деп есептейді ДСМ.
Төсбелгілерді Қазақстан теңге сарайы дайындайды. Медаль дизайнын Геральдика жөніндегі республикалық комиссиясы бекіткен.

Төсбелгі қанық қызыл түсті эмальмен көмкерілген қан тамшысы түрінде жасалған. Тамшы алақанға ұласып, оның ішіне жүрек ырғағы бейнеленген. Композиция күңгірт дөңгелек жиекпен қоршалған.
Министрлік мәліметінше, жыл сайын Қазақстанда 180 мыңнан астам азамат донор атанып, шамамен 255 мың рет қан тапсырады. Соның арқасында 80 мың науқас сапалы қан алады.
Қан тапсырғандар жұмыстан босатылады. Олардың орташа жалақысы сақталады.
Бұған дейін Қазақстанда донорлар азайып бара жатқаны айтылған.