TikTok үш айда қазақстандықтардың 1 миллионнан астам видеосын жойды

Жарияланды
Business news бөлімінің журналисі
TikTok үш айда қазақстандықтардың 1,28 млн видеосын өшіріп тастады
TikTok үш айда қазақстандықтардың 1,28 млн видеосын өшіріп тастады / фото: kursiv.media архиві

2026 жылдың алғашқы үш айында TikTok Қазақстанда ереже бұзған 1,28 миллион видеоны өшірді. Бұл туралы платформа жариялаған жаңа есепте белгілі болды.

Ереже бұзушылықтардың 99,4%-ын жүйе өздігінен анықтаған. Видеолардың 95,6%-ы жарияланғаннан кейін алғашқы тәуліктің ішінде платформадан жойылған.

Әлемдегі жағдай

2026 жылдың үш айында TikTok бүкіл әлем бойынша Қоғамдастық ережелерін бұзған 184 миллионнан астам видеороликті өшірді. Контенттің 99,3%-ын жүйе өзі анықтаған. Ал видеолардың 94,4%-ы жарияланғаннан кейін алғашқы 24 сағат ішінде жойылған.

TikTok автоматты модерацияға басымдық беруді жалғастырып келеді. 2026 жылы компания статистикаға жасанды интеллект өздігінен өшіретін видеоларды алғаш рет қоса бастады.

Қазіргі уақытта автоматтандырылған жүйелер, соның ішінде жасанды интеллект контентті өшірудің 96%-дан астамын қамтамасыз етеді. Бұл платформа ережелерін бұзатын роликтерді тезірек табуға мүмкіндік береді.

Тағы не өзгерді?

Компания тікелей эфирлерді (LIVE) бақылауды күшейтті. І тоқсанда TikTok бүкіл әлем бойынша 50,8 миллион тікелей трансляцияны тоқтатты. Бұдан бөлек, платформа 58,2 миллионнан астам тікелей эфир кезінде қызмет талаптарын бұзған авторлар үшін монетизация (табыс табу) құралдарына қолжетімділікті шектеді.

Айта кетейік, 2025 жылдың қорытындысы бойынша TikTok Қазақстанда Қоғамдастық ережелерін бұзғаны үшін 5,5 миллионнан астам видеороликті жойған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз