ҰБТ-да 140 балл жинаған сыныптастар Түркістандағы Woosong-ды таңдады

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Айсұлтан Жаңбырбай мен Жасур Нышанбаев 140 балмен Woosong университетіне түсті
Үздік сыныптастар бір оқу орнында білім алады / фото: Instagram/turkistantvkz, ЖИ көмегімен өңделген

Ұлттық бірыңғай тестілеуде (ҰБТ) 140 балл жинаған сыныптастар Айсұлтан Жаңбырбай мен Жасур Нышанбаев Түркістан қаласындағы Woosong Kazakhstan университетін таңдады. 2025 жылғы қыркүйекте ғана ашылған оқу орны Жасанды интеллект инженерлерін дайындайды.

Жасур да, Айсұлтан да Түркістандағы Tulga School жеке мектебінде бір сыныпта оқыған. ҰБТ-да ең көп балл жинаған сыныптастар жоғары оқу орнындағы білімін бірге жалғастырады. Өйткені екеуі де Woosong университетін таңдады. Оларға мекеменің білім беру бағдарламасы мен кампустары ұнаған. Бұған қоса, жастар таңдау жасау барысында ЖИ саласы қатты дамып келе жатқанын ескерген.

Woosong University Kazakhstan (WSUK) 2025 жылғы 25 қыркүйекте Түркістан қаласында салтанатты түрде ашылды. 18 қабаттан тұратын зәулім ғимарат құрылысын Оңтүстік Корея қаржыландырса, Қазақстан жағы білім гранттарына қаражат бөледі.

«Қазір университет екі мамандық: Жасанды интеллект (AI) және Деректер ғылымы / Үлкен деректер (Data Science / Big Data) бойынша білім береді. Жыл сайын бір мамандықтан қосып отыру арқылы бес жылда студенттер санын 2 мыңға жеткізуді қалаймыз», – дейді Woosong Kazakhstan университетінің академиялық деканы профессор Бон Кюн Ким (Bong Gyun Kim) Kursiv.Media тілшісіне.

Woosong университетінің профессоры Бон Кюн Ким
Профессор Бон Кюн Ким Woosong университетінің Жасанды интеллект және Үлкен деректер бөлімінің негізін қалаған / фото: Instagram/Woosong University Kazakhstan

Профессордың айтуынша, университет болашақта Киберқауіпсіздік саласы бойынша мамандар дайындауды көздейді.

Университетте дәрістер мен практикалық сабақтар ағылшын тілінде жүргізіледі. Халықаралық білім ордасында оқитын студенттер білімін Оңтүстік Кореяда жалғастырып, қос диплом алып шыға алады.

Kursiv.Media бұған дейін ауылдағы орта мектепті бітірген Альфия Балханның ҰБТ-да 140 балл жинағаны туралы жазған.

Сондай-ақ оқыңыз