Health

Аптап ыстықты жеңіл өткерудің 10 тиімді тәсілі

Фото: ЖИ көмегімен жасалған

Жаздың аптап ыстығында ағза тез қызып, салқындаудың түрлі жолын іздейміз. Көпшілік мұндайда салқын су ішіп, жиі душ қабылдауға немесе дымқыл сүлгімен сергіп алуға тырысады. Алайда мамандардың айтуынша, ыстықтан қорғанудың күтпеген әрі тиімді жолдары да бар. Солардың бірі – ащы тағам тұтыну.

1. Ащы тағам дайындаңыз

Әлемнің ыстық климаты бар көптеген елде адамдар ыстықтан ащы тағамның көмегімен қорғанады. Сондықтан Үндістан, Қытай, Таиланд және Мексика асханаларында бұрыштың сан алуан түрі кеңінен қолданылады.

Мамандардың айтуынша, ащы тағам ағзаның табиғи салқындау механизмін іске қосып, дене қызуының төмендеуіне ықпал етеді. Соның арқасында адам өзін сергек сезініп, салқындық әсері ұзақ сақталуы мүмкін.

Көпшілік ыстық күндері мұздай су ішуді жөн көреді. Расында, бұл бір сәтке сергітеді. Алайда мұндай кезде ағза жоғалған жылуды қалпына келтіруге тырысып, ішкі ресурстарын белсенді іске қосады. Нәтижесінде біраз уақыттан кейін адамға бұрынғыдан да ыстық сезілуі мүмкін.

Ащы тағамның әсері қандай?

Ащы тағам ағзаға басқаша әсер етеді. Ол қан айналымын күшейтіп, денені қыздырады. Соның нәтижесінде адам көбірек терлейді, ал тердің булануы теріні салқындатып, дене қызуын төмендетуге көмектеседі.

Осылайша ағза температураны табиғи жолмен реттейді және қайта қызу процесі баяуырақ жүреді.

Алайда асқазан-ішек жолы ауруларынан зардап шегетін адамдарға ащы тағамды жиі тұтынбас бұрын дәрігермен кеңескен жөн.

2. Тұзды тағам мен ақуызды азайтыңыз

Тұзы көп тағамдар мен ақуызға бай өнімдер қорытылған кезде ағзада қосымша жылу бөлінеді және сұйықтықтың көп жоғалуына себеп болады.

Мысалы, ақуызды тағамдарды қорыту үшін ағза көп энергия жұмсайды. Кей адамдардың еттен дайындалған қою тағамды жегеннен кейін маңдайынан тер шығатыны да осыған байланысты. Соның салдарынан мол түскі астан кейін дене температурасы аздап көтерілуі мүмкін.

Ал тұзы көп тағамдар ағзадағы суды ұстап қалып, сусыздануды күшейтеді. Бұл өз кезегінде ыстықты бұрынғыдан да қаттырақ сезінуге әкеледі.

3. С дәруменін күнделікті ас мәзіріне енгізіңіз

С дәруменінің ағзаның жылу алмасу жүйесіне оң әсері ғылыми зерттеулермен дәлелденген.

Мамандардың айтуынша, С дәруменін күн сайын қабылдау ағзаның ыстық ауа райына тезірек бейімделуіне көмектеседі. Ғалымдардың пікірінше, С дәрумені тері бездерінің жұмысын жақсартып, ағзаның жылуды тиімдірек шығаруға көмектеседі. Соның арқасында ағза жылуды тиімдірек шығарып, қызып кету қаупі азаяды.

С дәруменін мөлшерден асырмаңыз

Дәрігерлер ересек адамға тәулігіне 65–90 миллиграмм С дәруменін қабылдауды ұсынады. Бұл шамамен 1–1,5 апельсиннің құрамындағы мөлшерге тең. Ал ең жоғары тәуліктік шегі – 2000 миллиграмм.

Мамандар С дәруменін дәрі арқылы емес, жеміс-жидек пен көкөніс сияқты табиғи тағамдардан алған дұрыс екенін айтады. Олар дәруменге қоса ағзаға қажетті сұйықтықпен де қамтамасыз етеді.

4. Кофеинді азайтыңыз

Ыстық күндері тек кофені ғана емес, қара шайды да шектеген жөн. Мамандардың айтуынша, кофеин ағза температурасының көтерілуіне ықпал етеді.

Ол қан тамырларын тарылтып, қанның қызуына әсер етеді. Соның салдарынан бүкіл дене қызуы артуы мүмкін. Сондықтан қара шай қыста жылынуға көмектессе, жазда оның орнына түрлі шөп шайларын таңдаған дұрыс.

5. Ыстық сусын ішіңіз

Бір қарағанда бұл оғаш көрінуі мүмкін. Бірақ ыстық сусын ащы тағам сияқты әсер етеді: ағза қызады, терлеу күшейеді, ал тердің булануы денені салқындатады.

Алайда бұл әдіс тек тердің тез булануына мүмкіндік болғанда ғана тиімді. Ол үшін ауа құрғақ, ал киім жеңіл әрі ауа өткізетін матадан, мысалы жұқа мақтадан тігілген болуы керек.

6. Тамыр соғатын нүктелерді салқындатыңыз

Дене қызуын реттеуде тамыр соғатын нүктелерді салқындату да көмектеседі. Білезік, мойын және самай тұстарындағы қан тамырлары теріге жақын орналасқандықтан, бұл аймақтарға салқын компресс қою дене қызуын төмендетуге ықпал етеді.

7. Желдеткішті абайлап қолданыңыз

Желдеткіш әрдайым пайдалы бола бермейді. Мамандардың алдын ала зерттеу нәтижелеріне сәйкес, үй ішіндегі температура 35 °C-тан асқанда желдеткіш ыстық ауаны ғана айналдырып, ағзаға түсетін жылу жүктемесін күшейтуі мүмкін. Соның салдарынан ағза тезірек сусызданып, ауыр жағдайда күн өту қаупі артады.

8. Жалбызды пайдаланыңыз

Жалбызды тек сусындар мен салаттарға ғана емес, бөлмені сергіту үшін де қолдануға болады. Мысалы, оны суға салып қоюға немесе жалбыз майын пайдалануға болады.

Жалбыз құрамындағы ментол ағзада салқындықты сезінуге жауап беретін рецепторларды белсендіреді. Соның арқасында ми ауа температурасы төмендегендей әсер қабылдап, адамға салқындағандай әсер қалдырады.

9. Аяққа салқын су ваннасын жасаңыз

Аяқты 10–20 минут салқын суға малып отыру да денені сергітуге көмектеседі. Қаласаңыз, суға ментол немесе эвкалипт майын қосуға болады. Аяқтағы қан тамырлары теріге жақын орналасқандықтан, оларды салқындату бүкіл дене қызуын төмендетуге ықпал етеді. Ал суық суға малынған аяқ міндетті түрде суық тиюге әкеледі деген пікір әзірге ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Зерттеулер мұндай байланыс бар екенін нақты растаған жоқ.

10. Тыныс алу жаттығуларын жасап көріңіз

Мамандардың айтуынша, пранаяма деп аталатын тыныс алу жаттығулары да денені салқындатуға көмектеседі.

Ыстық күндері мына екі тәсілді қолдануға болады:

Ситали. Ауызды «О» әрпі тәрізді ашып, тілді түтікше етіп шығарып, баяу дем алыңыз. Осылайша салқын ауа тереңірек енеді. Кейін ауызды жауып, демді мұрын арқылы баяу шығарыңыз.

Ситкари. Тістерді аздап түйістіріп, ерінді жымиған қалыпта ұстап, ауыз арқылы дем алыңыз. Ал демді ауызды жапқан күйде мұрын арқылы баяу шығарыңыз.

Осыған дейін кондиционер мен желдеткіштің инфекцияның таралуына әсері туралы маман пікірін жариялаған едік.