Ақтөбе облысында 15 жастағы қызды көршісі зорлаған

Ақтөбе облысында 15 жастағы қызды көршісі зорлап, «біреуге айтсаң өлтіремін» деп қорқытқан.
Криминальный Казахстан дерегінше, сондықтан қыз ұзақ уақыт ешкімге айтпаған.
Оқиға былай өрбиді. 19 мамырда мектепте оқитын қыз бала құрбысымен бірге қыдыруға шыққан. Содан кейін дос қызының үйіне кіреді. Құрбысының 22 жастағы ағасы сол кезде үйінде болған. Олар бір-бірін бала күнінен таниды.
Жігіт оңаша қалғанын пайдаланып, көрші жас қызды зорлап жіберген. Бірақ оқушы қыз зорланғаны туралы ешкімге тіс жармаған. Туыстарының айтуынша, зорлықшы «айтсаң өлтіремін» деп қорқытқан.
Зорлық көрген қыз ұзақ уақыт тұйықталып қалған. Уақыт өте келе ағасына сырын ақтарған. Ол дереу полицияға арызданыпты.
Жәбірленушінің әпкесі оқушы қызды қалаға әкетуді ұйғарыпты. Өйткені, күдікті әлі бостандықта жүр.
Қылмыстық іс қозғалғанымен, оған жәбірленуші тарап разы болмай отыр. Себебі, іс «16 жасқа толмаған тұлғамен жыныстық қатынасқа түсу» бабы бойынша қозғалған. Туыстары оны «зорлауға» өзгертуді талап етіп отыр.
Ақтөбе облысының полиция департаменті тергеу дерегін растаған.
Мұндай оқиға Солтүстік Қазақстан облысында да болды. 40 жастағы ер адам 13 жасар қызды зорлаған еді.