Бір апта бұрын жоғалып кеткен көпбалалы ана Шымкенттен табылды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
полиция
Бір апта бұрын жоғалып кеткен көпбалалы ана Шымкенттен табылды / Фото: Асқар Ахметуллин

Түркістан облысының тұрғыны кішкентай балаларымен бірге үйінен кетіп қалған жұбайын жеті күн бойы іздеген. Әйел адам Шымкенттен табылды.

Полицияға Отырар ауданының тұрғыны жүгініп, әйелінің жоғалып кеткенін хабарлаған. Оның айтуынша, бір апта бұрын әйелі алты, бес, үш жастағы және он айлық төрт баласымен бірге үйден шығып кетіп, байланысқа шықпай қойған.

Іздестіру жұмыстарына облыстық департаменттің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері қосылды. Олар ауданға кіреберіс пен шыға берістерге бекеттер қойып, автокөліктерді тексерді және көршілес аймақтарға бағыттамалар жіберді.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде әйел балаларымен бірге Шымкенттен табылып, полиция бөліміне жеткізілді. Тексеру барысында оның жұбайымен отбасылық жанжалдан кейін балалары мен құжаттарын алып, Шымкентке кетіп қалғаны және ешкімге айтпастан сонда пәтер жалдағаны анықталды», – деп хабарлады облыстық полиция.

Полиция бөліміне екі жақтың да туыстары шақырылды. Профилактикалық әңгімелесуден кейін ерлі-зайыптылар татуласып, балаларымен бірге үйлеріне қайтты. Түркістан облысының полиция департаменті іздестіру жұмыстарына көмектескен азаматтарға алғыс білдірді.

Сондай-ақ оқыңыз